Шымкенттің экономикалық дамуында әлеуметтік саланың елеулі үлесі зор. Биыл Шымкентте жалпы 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. 2024 жылғы II тоқсанда жұмыссыздар саны 22,4 мың адам болса, жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшіне қарағанда 4,8 пайызды құрап отыр.
Еңбек мобильділігі орталығы өкілдерінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі есеп бойынша жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 15 020 адамды құрады немесе жұмыс күшінің санына 3,2 пайыз болып қалыптасты.
Жалпы, биыл Шымкентте жалпы 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. 2024 жылдың 1 тамызына дейінгі жағдай бойынша 27 168 адам қатысқан.
Осы жылғы жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларға бағыттау және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру көзделген.
Оның ішінде 4 176 адамға кәсіпкерлігін ілгерілетуге жағдай жасау, 7 453 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау, 14 846 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, 3 752 адам кәсіптік оқытуға жолдану жоспарланып, осы уақытқа дейін оған 17 163 адам қатысып, жоспар 56,8 пайызға орындалды.
– Шымкентте іске асырылып отырған концепциялар мен қаланың 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасы және кәсіпкерлік бастамалар негізінде құрылған жұмыс орындарына 26 482 адамды, 26 096 — тұрақты, 386 — уақытша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Оның ішінде концепциялар бойынша 3040 жұмыс орны, жеке бастамалармен құрылатын бала бақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқа да жаңадан ашылатын жұмыс орындарына 23 342 жұмыс орны ашылу көзделген. Осы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша 10 005 адам жұмысқа орналасты, – дейді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.
Айта кетейік, жұмыссыздықпен күрес мемлекет тарапынан қарқынды жүргізіліп келеді. Ел саясатының негізгі ұстанымы да осы. Сондықтан бұл бағытта жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар жанданып, салалық мамандарға нақты тапсырмалар жүктелуде.