26/11/2024

ШЫМКЕНТ: СОЛТҮСТІККЕ ҚОНЫС АУДАРУ ЖӨНІНДЕ ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҮРГІЗДІ

Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығының бөлім басшылары мен мамандары мегаполис тұрғындарына Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына ерікті қоныс аудару жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Өңіраралық ерікті қоныс аударуға жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және олардың отбасы мүшелері қатысады.

2023 жылы Шымкенттен 160 отбасы тұрғылықты жерін ауыстыруға ниет білдірсе, бүгінге дейін 90-ға жуық отбасы Солтүстікке қарай көш түзеген. Жалпы, 2024 жылы 250 отбасын көшіру жоспарланған.

Айта кетейік, 2024 жылға қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына сәйкес Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары белгіленді.

«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы, Шымкент және Астана қалалары қоныс аударушылардың шығу өңірлері болып айқындалды.

Ерікті қоныс аударуға ниеттенген азаматтарға мемлекеттен әлеуметтік көмектер қаралған.

Біріншіден, бағдарламаға қатысушыларға, яғни отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бір рет 70 АЕК (258 440 тенге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек жаңа тұрғылықты жерге келгеннен кейін беріледі. Мысалы, егер отбасында 6 адам болса, барлығына 1 550 640 теңге беріледі. Бұл қаржы баспанаға берілетін қаражаттан бөлек болады.

2024 жылы 1 АЕК – 3692 теңге екенін айта кетейік.

Екіншіден,  тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындар өтеледі. Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін  бір адамға жиырма айлық көрсеткіш (73 840 теңге ),  отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болса, жиырма бес айлық көрсеткіш мөлшерінде (92 300теңге), бес немесе одан көп отбасы мүшелері болса отыз айлық көрсеткіш мөлшерінде (110 760 теңге ) төленеді.

Бағдарламаға сәйкес, жұмыспен қамтуға оқыту және микрокредит беру де қаралған.

Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады.

2023 жылы «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері»  ұлттық жобасын іске асыру аясында еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен еңбек күші тапшы өңірлеріне 8 903 адам өз еркімен қоныс аударған, оның 6 492-сі – ерікті қоныс аударушылар,  2337-сі – қандастар. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.

Ал, өткен жылы Шымкенттен 160 отбасы немесе 702 адам тұрғылықты жерін ауыстыруға ниет білдірді.  Қоныс аударушылардың басым бөлігінің таңдауы  Солтүстік Қазақстан облысына түскен. Ол жаққа 78 отбасы немесе 313 адам қоныс аударды. Екінші орында Павлодар облысы тұр, ол жаққа Шымкенттен 52 отбасы немесе 268 адам кеткен.

20 отбасы (82 адам) – Қостанай облысына, 6 отбасы (21 адам) – Шығыс Қазақстан облысына, 3 отбасы (13 адам) – Абай облысына және 1 отбасы  (5 адам) жаңа тұрғылықты жері үшін Қарағанды облысын таңдаған.

Ал, биыл жыл соңына дейін ерікті қоныс аударуға ниетті отбасылар санын 250-ге жеткізу жоспарланған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар