26/11/2024

ЕРЕКШЕ АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ: ЖАҢА ЖҰМЫС МҮМКІНДІКТЕРІ

Шымкент қаласында қазір 41 406 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның 7 965-ы 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар бала. Шымкент қаласында биыл Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 1500-ге жуық мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Биылғы 9 айда Еңбек мобильділігі орталығына 2155 мүгедектігі бар жан жұмысқа тұруға өтініш жасаған. Олардың 951-і жұмыспен қамту шараларына қатысып, қазіргі таңда жұмыс орындарында еңбек етіп жатыр.

Кез келген мүгедектігі бар тұлға жұмыс істеуге құқылы. Ал мемлекеттің міндеті – осы тұрғыда оларға көмек беру. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту үшін жұмыс берушілерге арнайы квота бекітіліп, мекемелерде жұмысшы санына қарай 2-4 пайыз мөлшері аралығында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуы тиіс.

Шымкент қалалық Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Бағдат Архабаевтың мәлімдеуінше, мегаполисте жұмыспен қамту шаралары тұрақты жасалынып жатыр.

– Бүгінгі таңда «Күміс жас» бағдарламасы бойынша мүгедектігі бар 37 азамат еңбек етіп жатыр. «Әлеуметтік жұмыс орны» бағытымен 9 адам жұмыспен қамтылды. Осы екі бағыт бойынша азаматтарды тек жекеменшік мекемелерге жолдаймыз. Ал, «Жастар практикасы» бағдарламасы бір жылға арналған. Бұл бағытта 37 мүгедектігі бар жас еңбекке тартылды. «Алғашқы жұмыс орны» бағыты 18 айды қамтиды. 26 мүгедектігі бар жан осы бағытпен жұмысқа жолданды, – дейді Бағдат Мақсұтұлы.

«Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» бағыттары бойынша 35 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыруға жоспарланған. Еңбек мобильділігі орталығы осы бағыттарда жұмыс істеп жатқан жастарға еңбекақысын төлеп береді.

Ал, қоғамдық жұмыс бір жыл аралыққа көзделген. Бұл бағытпен жұмысқа тартылған азаматтарға Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 28 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айлық төленеді. Орталық басшысының ресми дерегіне жүгінсек, бүгінгі таңда 133 мүгедектігі бар адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар жыл соңына дейін қоғамдық жұмыспен айналысып, мемлекеттен айлық алып отырады.

– «Ұрпақтар келісімшарты бағытының мақсаты зейнеткерлікке шығуға алты ай қалған азаматқа жас маман жолданып, олар жарты жыл бойы тәлімгерден мамандықтың қыр-сырын үйренеді. Алты ай өткен соң зейнеткерлік демалысқа шыққан тәлімгерінің орнын жас шәкірті басып қалады. Алты ай бойы жас маманның айлығы Еңбек мобильділігі орталығы есебінен төленеді. Түрлі мекеме өздеріне жұмыс күші қажет болған кезде орталыққа өтініш жасайды. Сол өтінішке қарап жұмыспен қамту шарасының қай бағытына қанша адам керек екенін анықтаймыз. Көбінесе мекемелер заңгер, экономист, есепші, басқа да түрлі мамандыққа жұмыскерлер сұрайды. Техника саласының мамандарына да сұраныс жетерлік, — дейді Бағдат Архабаев.

Шымкент қалалық Еңбек мобильділігі орталығы басшысының айтуынша,  262 мүгедіктігі бар азамат «Бастау-Бизнес» жобасымен курс оқып, кәсіпкерлік негіздерін үйреніп жатыр. Осы санаттағы 69 адам арнайы комиссия шешімімен тегін грантқа ие болған. Олар грант қаражатын ойға алған бизнес-идеяларын жүзеге асыруға жұмсап, қосымша жұмыс орнының көбеюіне атсалысады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар