Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейін 4,5%-тен асырмау қажеттігін ескертті.
Шымкентте Президент тапсырмасына сәйкес жұмыссыздықты төмендету мақсатында азаматтарды еңбекпен қамту шаралары қарқынды жүргізілуде. Халықты жұмысқа орналастыру бойынша сұранысқа ие жобалардың бірі — «Кәсіптік оқыту». Бұл жұмыс берушінің өтініші бойынша немесе жұмыс берушілердің жұмыс орнында өткізілетін қысқа мерзімді курстар.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту — қысқартылған оқу мерзімімен жұмысшы кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын іске асыруды көздейтін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бөлігі.
Шымкент қаласында биыл білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 1110 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау жоспарланған.
Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқуға жолдау үшін білім беру ұйымдарынан 29 жұмыс берушіден 44 мамандық бойынша 1820 адамды оқыту үшін өтінім берілген. Ал, жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 29 мекемеден 52 мамандыққа 2014 адамды оқытуға ұсыныс түсті.
Комиссия отырысында өтінім берген мекемелердің техникалық базасы, жұмыс орындары, бүгінге дейінгі экономикалық ахуалы мен салық төлемдері қаралды. Нәтижесінде, комиссия қорытындысымен білім беру орталығында 14 жұмыс берушіге 26 біліктілік бойынша 533 жұмыссыз азаматты оқыту, жұмыс берушілердің жұмыс орнында 12 мекемеге 25 біліктілік бағытында 200 жұмыссыз адамды оқыту бекітілді.
Мемлекет есебінен жаңа мамандықты игеру немесе қайта оқу Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы іске асып отыр. Қайда білім алу және қандай мамандықты таңдау керектігі Жұмыспен қамту орталықтарында түсіндіріледі. Сол жерде жолдама беріліп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.
Қазір еңбек нарығында техникалық және кәсіптік сала мамандарына, атап айтқанда дәнекерлеуші, электрик, құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлерге сұраныс өте көп. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша мамандарды даярлау тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, тігінші, кесте тігуші, тігінші, шаштараз, маникюр шебері, кассир-бақылаушы, наубайшы мамандықтары бойынша да жүргізіледі.
Нарықтағы сұраныс ескеріліп, “Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шаралары ұйымдастырылуда. Бұл тек жұмыссыздарды азайтып қана қоймай, отандық өндірісті қолдауға да мүмкіндік беруде.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсының мерзімі – үш ай.
Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша мамандарды даярлау: тәрбиеші, тәрбиешінің көмекшісі, тігінші, кесте тігуші, тігінші, шаштараз, маникюр шебері, кассир-бақылаушы, наубайшы мамандықтары бойынша жүргізіледі. Қатысушылар жұмыс берушілердің сұрауы бойынша оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, 43 574 теңге мөлшерінде стипендиямен, медициналық байқаудан өтуге 2 АЕК (7384 теңге) мөлшерінде материалдық көмекпен қамтамасыз етіледі.
Жұмыс берушілерде жұмыс орнында мамандар даярлау: тәрбиешінің көмекшісі, аспаз, туризм менеджері, шаштараз, макарон жасау операторы, тігінші, пішуші, дизайнер, сантехник, йога жаттықтырушысы, массажист, кірпік ұзарту шебері, маникюр шебері мамандықтары бойынша жүргізіледі. Жұмыс берушілерде жұмыс орнында оқуға қатысушыларға 20 АЕК (73 840 теңге) мөлшерінде жалақы төленеді. Орындалатын жұмыстың күрделілігіне байланысты жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жалақыға қосымша үстемеақы белгілейді.
Оқу аяқталған соң бітіруші кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орнына орналасады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту онлайн платформа арқылы да жүзеге асырылады.