26/11/2024

БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ: ХАЛЫҚТЫҢ ОСАЛ ТОПТАРЫ ҮШІН МҮМКІНДІК

Жұмыссыздық – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселенің бірі. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, Шымкентте жұмыспен қамту органдарында 17 615 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Биыл  14 846 адамды бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру жоспарланса, 9 айда 11 190 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жұмыссыздарды жұмыспен қамту  бұл экономиканың маңызды аспектілерінің бірі, себебі ол халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің жалпы экономикалық жағдайын нығайтуға ықпал етеді. Жұмыссыздықты азайту мақсатында елімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Тұран аудандық Мансап орталығының басшысы Нұрбол Шымкентбаев мемлекет тарапынан құрылған кешенді жоспарлар, қолға алынған   бағдарламаларға кеңінен тоқталды.

– Үкімет тарапынан жұмыссыздарды оқыту, қайта даярлау және жаңа мамандықтарға үйретуге қатысты бағдарламалар қолға алынған. Осы орайда кәсіптік курстар, қайта даярлау курстары арқылы адамдар жаңа біліктер мен дағдыларды игереді.

Шымкентте 2024 жылы 56 962 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Осы жылғы жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларға бағыттау және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру көзделген. Атап айтқанда, 4 176 адамға кәсіпкерлігін ілгерілетуге жағдай жасау, 7 453 адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау, 14 846 адам бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, 3 752 адамды кәсіптік оқытуға жолдау жоспарланған, – дейді Тұран аудандық Мансап орталығының басшысы Нұрбол Шымкентбаев.

Елімізде жаңа жобалар мен құрылыстарды қаржыландыру, яғни инфрақұрылымды дамыту арқылы да жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер қарастырылға. Инфрақұрылымдық жобалар көбіне құрылыс, транспорт, энергия, коммуналдық шаруашылық сияқты салаларды қамтиды.

Шымкентте бұл бағытта тағы 26 482 жаңа жұмыс орнын: 3 140 орын – концепция және Даму жоспары есебінен, 23 342 орын – жеке бастама есебінен құру жоспарланған.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау, кәсіп ашуға ынталандыру арқылы да жұмыссыздардың өз істерін бастауына мүмкіндіктер жасалуда. Жеңілдетілген несие беру, стартап жобаларды қолдау және бизнеске гранттар беру арқылы көптеген адамдар жұмыс орындарын құрып, өз кәсібін дөңгелете алады.

Биыл қаламызда 426 адамға грант беру жоспарланса, комиссияның шешімімен 428 адамның бизнес-жобасын қолдауға қайтарымсыз қаржы мақұлданды. Грант алуға екі лекте жалпы 2 426 адамнан өтініш түскен.

Сонымен қатар, мемлекет Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмыссыздарға бос жұмыс орындарын іздеуге және жұмыс берушілермен байланыстыруға көмектеседі.

– Шымкентте 2024 жылға  14 846 адамды бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру жоспарланса, атқарылған осындай жұмыстардың нәтижесінде 9 айда 11 190 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл орайда халықтың әлеуметтік осал тобына  жататын ешқандай мамандығы жоқ азаматтарды, мүгедектігі бар адамдарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарды тұрақты жұмыспен қамту аса маңызды.

– Шымкентте 2023 жылдың 1 шілдесінде құрылған Еңбек мобильділігі орталығы мен оған қарасты бес аудандық Мансап орталықтары ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру арқылы кәсіпорындар мен жұмыссыздарды бір ортада кездестіріп, алтын көпір орнатып келеді, – дейді Нұрбол Мұратұлы.

Айта кетейік, мемлекет қолдауымен жұмысқа орналасу үшін Жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіріп, жұмыс іздеуші ретінде адам ретінде тіркелу қажет. Мұны онлайн көрсетілетін қызмет арқылы жасауға болады.

Жұмыс іздеуші ретінде тіркелгеннен кейін Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері түйіндемені Мемлекеттік еңбек биржасының enbek.kz веб-сайтына орналастырады, ал лайықты бос жұмыс орындары шыққан кезде,  сонда жібереді.

Егер ол мекеме азаматты жұмысқа қабылдаудан бас тартса немесе ол жұмыс сізге объективті себептермен сәйкес келмесе, Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері басқа нұсқаларды іздеуді жалғастырады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар