26/11/2024

ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАҢА ЗАУЫТ 150 ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕДІ

Шымкент қаласының сауда-логистикалық орталығының аумағында жақында «Coca-Cola Kazakhstan»сусындар шығаратын зауыт ашылған болатын. Компания газдалған және газдалмаған сусындар, мұздатылған шай және түрлі шырындар шығарады. Зауыт 30 га сауда-логистикалық орталықта орналасқан.

Зауыттың ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, АҚШ Бас консулы Мишель Еркин қатысты.

Шымкент әкімі мұндай жобалар қала экономикасының дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті.

«Инвестициялық климатты жақсарту — мегаполистің дамуындағы негізгі бағыттардың бірі. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба маңызды, сондықтан әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашанда дайынбыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Құны 27 млрд теңге болатын зауытты түркиялық Anadolu Group конгломератының еншілес Coca-Cola İçecek A.Ş. компаниясы ашты. Өндіріс орнының жылына 283 млн литр өнім шығаратын өндірістік қуаты бар.

Кәсіпорын 150-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етпек.

CCI өңірлік директоры Ердинч Гузель Қазақстан Үкіметі мен жергілікті билікке қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, компанияның Қазақстанның ЖІӨ-не қосқан үлесін атап өтті.

«Бүгінгі таңда нарық көшбасшысы болып табылатын CCI елге 1994 жылдан бастап 106 млрд теңгеден астам инвестиция салғанын мақтанышпен айта аламын және бұл зауыт CCI-нің өзінің инвестициялық жоспарларына адалдығының дәлелі болып табылады. Өз кезегінде, Қазақстандағы қызмет бүгінде CCI үшін жетекші бизнестің бірі болып табылады. Бұл жетістік Қазақстан Үкіметі құрған қолайлы және әділ іскерлік ортаның арқасында мүмкін болды. 2013 жылдан бастап Қазақстан бюджетіне салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түріндегі CCI салымы 259 млрд теңгені құрады, ал біздің экожүйеміздің елдің ЖІӨ — не қосқан жалпы үлесі 475 млрд теңгеге жетті», — деп атап өтті Ердинч Гузель.

Бұл оқиға компанияның тұрақты даму жөніндегі міндеттемелерін қолдайды. Озық технологиялар мен экологиялық шешімдерді пайдалану қоршаған ортаға әсерді азайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді.

Шымкенттегі Coca-Cola жобасы компанияның қазақстандық нарықта болуын күшейту және елдің маңызды экономикалық секторларына инвестицияларды жалғастыру жөніндегі жалпы жоспардың бір бөлігі болып табылады.

Шымкентте еліміздегі мемлекеттік қолдау шараларының арқасында жыл сайын жаңа өндірістердің саны өсуде, жаңа жұмыс орындары құрылуда.

2023 жылдың қорытындысы бойынша қала экономикасына 661,7 млрд теңге инвестиция тартылды, ал өнеркәсіп кәсіпорындары өндірген өнім көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асты.

Coca-Cola Içecek —Түркия, Пәкістан, Қазақстан, Ирак, Өзбекстан, Бангладеш, Әзірбайжан, Қырғызстан, Иордания, Тәжікстан, Түрікменстан және Сирияда жұмыс істейтін халықаралық сусындар компаниясы. CCI The Coca-Cola Company және Monster Energy Beverage Corporation газдалған және газдалмаған сусындарды шығарады, таратады және сатады және өзінің еншілес компаниясы Anadolu Etap Içecek арқылы концентрацияланған жеміс шырындарын шығарады. Компанияда 12 елде барлығы 33 құю зауыты және 3 жеміс өңдеу зауыты бар.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар