26/11/2024

ШЫМКЕНТ: «ҰРПАҚТАР КЕЛІСІМШАРТЫ» АРҚЫЛЫ 15 МАМАН ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

Жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітірген түлектердің жұмысқа  орналасу кезінде  қиындықтарға тап болып жататыны өтірік емес. Жұмыс берушілер жас мамандарға қарағанда еңбек нарығында бәсекеге төтеп бере алатын тәжірибелі жұмысшыларды жалдауды жөн көреді. Ешбір жерде қызмет етпеген жастардан тәжірибе, еңбек өтілі талап етіледі. Сондықтан елімізде 2020 жылдан бастап «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы қолданысқа енгізіліп, жастардың өз мамандықтары бойынша еңбек өтілін жинақтап, ресми жұмысқа орналасуына мүмкіндік туды.

Шымкент қаласында «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы арқылы 2024 жылы 20 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, 9 айдағы көрсеткіш бойынша 15 жас маман жұмысқа жолданған. Ал, 2023 жылы 23 адам жұмысқа орналасқан.

Тәлімгер ретінде зейнетке шығуына 6 ай қалған маман таңдалады. Жас маман тәлімгердің қанаты астында 6 ай жұмыс істейді. Ал, аға маман зейнетке шыққаннан кейін ол соның орнына тұрақты жұмысқа орналасады.

Жобаға қатысу үшін қалалық Еңбек мобильдігі орталығына өтініш тапсырады. Ол үшін қатысушының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағанына 2 жыл толмаған және жасы 35-тен аспаған болуы керек. Сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі шарт.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы шарттарына сәйкес жұмыс беруші Мансап орталығымен жасалған келісімшарт негізінде бағдарламаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады. Бұл ретте Еңбек мобильділігі орталығы 6 ай жұмыс ішінде жас маманның жалақысын субсидиялайды.

Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша,  Шымкентте 6647 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан.  Оның ішінде 2013 жұмыссыз жас маман «Жастар практикасы», 786 адам «Күміс жас», 168 адам әлеуметтік жұмыс орындары, 2391 адам ақылы қоғамдық жұмыстар бағыттары брйынша жұмыспен қамтылған.

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарды нәтижелі жұмыспен қамту мақсатындағы бағыт ретінде іске қосылған.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар