Skills Enbek-тегі кейбір ақылы курстар халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ақысыз негізде қолжетімді болады.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мәліметінше, Skills Enbek платформасында «Әлеуметтік» қосымшасы құрылған. Онда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қазақстандықтарға кейбір ақылы курстар бойынша тегін негізде оқуға мүмкіндік беріледі.
Оқуды бастау үшін азаматтарға «Әлеуметтік» қосымшасындағы курсты таңдау кезінде ЭЦҚ арқылы олардың мәртебесінің сәйкестігін растау қажет. Тексеруден сәтті өткеннен кейін курс пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Қазір жаңа бөлімде киіз басу және тігу сияқты қолданбалы мамандықтар, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік білім беру дағдылары бойынша сурдоаудармасы бар бірнеше курстар бар. Бұл курстарды USAID қолдауымен «Инклюзивті қолөнер» жобасы аясында «Qolqanat Foundation» қоғамдық қоры әзірледі.
Еске сала кетсек, Skills Enbek платформасы – маркетплейс қағидаты бойынша курстарға қол жеткізуді қамтамасыз ететін халықаралық оқыту алаңдарының қазақстандық аналогы. Іске қосылғалы бері платформада әртүрлі бағыттар бойынша 600-ден астам курс орналастырылды. Олардың жартысы тегін негізде қолжетімді.
Айта кетейік, Skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы 2021 жылдың шілдесінде іске қосылған. Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған.
Платформаға іске қосылғалы 474 мыңнан астам адам тіркелген. Олардың 390 мыңнан астамы оқуды сәтті аяқтады.
2024 жылдың басынан бері платформаға 113,4 мың адам тірскелсе, соның 89,1 мыңы Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификат алған. Сертификат алғандардың 44,5 мыңға жуығы – жұмыссыз азаматтар. Оқудан өткен жұмыссыз азаматтың 13,8 мыңға жуығы негізінен Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Қызылорда облыстарының және Шымкент қаласының жастары.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады. Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруға тиіс.
Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.
Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көреді.
Платформа іске қосылғаннан бастап авторлар әртүрлі бағыттар бойынша 608 курс жариялады, оның 276-ы тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Қыркүйек айындағы ең көп сұранысқа ие курстар – «Әлеуметтік жұмысқа кіріспе», «Продавец», «Построение отдела продаж в отеле», «Основы социальной работы» және «Управление персоналом».
Платформада мемлекеттік қызмет, әлеуметтік қызмет көрсету, SMART SKILLS және т.б. салалардағы түрлі мамандықтар бойынша тегін курстар саны үнемі артып келеді.
Оқуға https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе enbek.kz сайтындағы «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы тікелей қол жеткізуге болады.
2023 жылдың желтоқсан айынан бастап курстарды Enbek мобильді қосымшасы арқылы оқуға болады, қосымшаны Google Play және App Store-дан жүктеуге болатынын естеріңізге саламыз.