26/11/2024

СОЛТҮСТІК ҚИЫНДЫҚТАН ҚОРЫҚПАЙТЫНДАРДЫ ҚҰШАҚ ЖАЯ ҚАРСЫ АЛАДЫ

Еліміздегі еңбек күшін реттеу үшін Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына да бірнеше жыл болды. 2022 жылдан бері жаңадан «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында жыл басынан бері Шымкенттен 284 адам, Еңбекші ауданы бойынша 50 адам солтүстік пен шығысқа қоныс аударған. Бұл туралы Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Мансап орталығының өңіраралық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Жомарт Тәженов мәлімдеді.

– Жыл басында жұмысты қабылдау өңірлерінен толық ақпарат жинаудан бастадық. Яғни сол өңірлерді таныстыратын ақпараттарды барынша көбірек алдық та, брошюра шығарып, бейнероликтер жасадық. Сөйтіп  халық арасында түсіндіру жұмыстарына кірісіп кеттік. Еңбекші ауданы әкімдігі мен AMANAT партиясының аудандық филиалы мамандарымен бірлесе отырып, қаланың шалғай ауылдарын аралап, көшіп барушы­ларға қандай көмектер көрсе­тілетіні жөнінде толыққанды ақ­параттар берілді. Біз жоспарлы түрде халықпен айына екі рет кездесу ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Халық көп шоғырланатын орындарға барып, брошюралар тараттық. Әлеуметтік желілерге бейнероликтерді жүктеп, тіпті тікелей эфирлерде көші-қон мәселесіне қатысты тақырыптар көтерілді. Жалпы, халықтың көшуге ын­та-ықыласы жақсы, – дейді Еңбекші аудандық Мансап орталығының маманы.

Жомарт Әшірбекұлының түсіндіруінше, Еңбек мобильділігі орталығы  мен Мансап орталықтары ерікті қоныс аударуға ниетті адамдарға әртүрлі саладағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынып, қабылдау өңірлерінің мамандарымен байланысуына мүмкіндік жасайды.

— Ерікті қоныс аударушыларға жұмыс орындары және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің басқа да шаралары ұсынылады. Өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа орналасқан және тұрғын үймен қамтамасыз етілген әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекет жұмыс берушілерге қоныс аударушылар үшін ауылдық жерлерде жаңа тұрғын үй салуға жұмсалған шығынның 50 пайызына дейін субсидиялайды, – дейді Еңбекші аудандық Мансап орталығының маманы.

Айта кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2024 жылға арналған өңірлік квотасы 9 483 адам деп белгіленген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 554 адамға артық.

Қазақстанда халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерден еңбек тапшылығы бар солтүстік облыстарға ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы 2017 жылдан бастап жұмыс істейді.

NARKESKEN.KZ

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар