26/11/2024

ХАЛЫҚТЫ МӘМС ЖҮЙЕСІНДЕ ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Шымкент қаласында халықты МӘМС жүйесінде сақтандыру және сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар күшейтілмек.

Тұрғындарды медициналық сақтандыруға байланысты күрделі мәселелер мен жауапты шешімдер қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш  Асыловтың төрағалығымен өткен штаб отырысында кеңінен қаралды.

Жиын барысында “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ляззат Алимова атқарылып жатқан жұмыс барысы мен саладағы өзекті мәселелердің шешімдерін баяндады.

Жиында атап көрсетілгеніндей, мұғалімдердің ұзақ мерзімді еңбек демалысы кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары бір айға ғана аударылып, келесі айда төлем жасалмайтын жағдайдар жиі кездесуде. Демалыс бірнеше кезеңді (бір айдан астам) қамтитын болғандықтан,  міндетті медициналық сақтандыру төлемдерін кезеңдерге бөлу қажет. Яғни, білім беру мекемелерінің есепшілері төлем тапсырмаларында жарнаны әр айға жеке белгілеп аударулары тиіс. Осы мәселені қадағалауға байланысты тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Қазіргі таңда қала халқының 300 мыңнан астамы медициналық сақтандырылмаған. Осыған байланысты, аудан әкімдеріне де халықты сақтандыру жүйесінде қамту жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Штаб отырысында сонымен қатар, жұмыссыз азаматтарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері көтерілді. Мемлекеттік кірістер департаментіне бейресми жалдамалы жұмыскерлердің  жұмыс берушілерін анықтап, жұмысын заңдастыру жүктелді. Жұмыс нәтижесі алдағы штаб отырысында тұрақты баяндалатын болады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар