2024 жылы Шымкент қаласының Еңбекші ауданынан қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына 128 адам жолданған. Оның 60-ы тігінші мамандығы бойынша курсты таңдаған.
Шымкент қаласының Еңбекші ауданы бойынша Мансап орталығының Оқыту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бөлімі мамандарының мәлімдеуінше, 10 адам аяқ киім жөндеуші курсына жіберілген. Ал, 5 адам графикалық дизайнер курсын таңдаған.
Слесарь-сантехник мамандығы бойынша 15 адам жолданса, 3 жұмыссыз азаматша тәрбиешінің көмекшісі курсына жолданған.
Тоқыма машинасының операторы курсына 25 адам, электромонтер курсына 10 жұмыссыз азамат жіберілді.
Ал, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жолданғандардың ең көбі тігінші курсына жолданған, яғни 60 адам тігіншілік курсты таңдаған.
Қазақстанда Жұмыспен қамту орталығының (Мансап орталығының) тағы бір қызықты және пайдалы бағыты – қысқа мерзімді кәсіптік курстар немесе жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқыту және одан әрі жұмысқа орналастыру бағдарламасы жұмыс істейді. Егер адам ресми жұмыссыз мәртебесін алса, ол Мансап орталығына жүгіне алады, онда оған әр түрлі мамандықтар бойынша алты айға дейін ақысыз қысқа мерзімді оқыту беріледі, ай сайын стипендия төленеді.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша білім алудың ұтымды жағы — бұл жұмысқа орналасуға кепілдік береді.
Оқыту оқу ұйымында немесе жұмыс берушінің жұмыс орнында, мысалы, өндірісте өтеді.
Бұл орайда жұмыссыз азаматтар мен Мансап орталығы арасында келісімшарт жасалады. Осы келісімшарт бойынша курсты аяқтағаннан кейін олар алған мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға тиіс.
Оқу ұйымы адамды кемінде алты ай, ал жұмыс беруші жұмыс орнында кемінде 12 ай мерзімге жұмысқа орналастырады. Осы уақыттан кейін еңбек шарты ұзартылуы мүмкін.
Сонымен қатар, егер адам жұмыс орнында оқудан өтсе, онда жұмыс беруші онымен оқу кезінде еңбек шартын жасайды. Тиісінше, ол осы уақытта оған жалақы төлейді. Бұдан басқа, мемлекеттің өзі ай сайын жұмыссыздарға 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде стипендия төлейді. 2024 жылға 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3692 теңге болып белгіленген. Яғни қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына жіберілген азаматтарға 20 АЕК – 73 840 теңге көлемінде стипендия төленеді.
Егер жұмыс беруші білім алушыны жұмысқа қабылдаудан бас тартса, онда ол жұмыссыздарға жалақы төлеуге мемлекеттің шығыстарын бюджетке өтеуге тиіс. Сондай-ақ, келесі жолы оған жұмыссыздарды оқытатын ұйымдардың тізіміне кіру қиынға соғады.
Тегін оқудан өту үшін жұмыссыз азаматтар Мансап орталығына өтінішпен хабарласып, жеке куәлік; білімі туралы құжат (аттестат, куәлік, диплом); денсаулық жағдайы туралы анықтаманың көшірмесін; екінші деңгейдегі банкте ашылған ағымдағы шоттың нөмірін; еңбек қызметін растайтын құжат (еңбек кітапшасы болған жағдайда); қандай да бір қосымша оқудан өткенін растайтын құжатын (бар болса) өткізуі керек.
Жұмыс беруші үміткер үшін білім беру ұйымының екі нұсқасын таңдайды. Ол солардың бірін таңдап, Мансап орталығынан жолдама алады. Үш күн ішінде адам ұйымға барып, оқуды бастауы керек.
NARKESKEN.KZ