Шымкент қаласында 41 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат өмір сүруде. Оларға жан-жақты қолдау көрсетілу қажеттігі айтпаса да түсінікті. Осы ретте «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы мүгедектерге ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және жұмысқа орналасу бойынша сүйемелдеу қызмет түрлерін көрсетеді. Бүгінгі күнге дейін қандай жұмыстар істелінді және бұл әлеуметтік қолдау орталығының мүгедектігі бар азаматтарға қаншалықты қажет екенін нақты білу мақсатында Narkesken.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі орталық директорының орынбасары Гүлия Байзаққызы БЕЛГІБАЕВАМЕН сұхбаттасты.
– Гүлия Байзаққызы, «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы төрт бағытта жұмыс істейді екен. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз…
– «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында мүгедектігі бар азаматтарға заңгер, психолог және басқа да сала мамандары кеңес береді. Олар мүгедек жандардың қалыпты өмірге бейімделуіне, белгілі бір салаға қатысты сұрақтарына жауап алуына көмектеседі. Мәселен, жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегіне тұру, кәсіп үйрену мәселелері бойынша кеңестер беріп, арнайы тренингтер мен шеберлік сағаттарын өткізіп отырады. Мүгедектігі бар жандарға жан-жақты қолдау көрсету керек. Олар өздерінің құқықтарын немесе жасалынып жатқан жеңілдіктер жайында біле бермейді. Ақпараттық кеңес оларға ауадай қажет. Мәселен, eGov.kz порталы арқылы үй кезегіне тұруға көмектесеміз. Олардың ішінде ерекше бала асырап отырғандар бар және I және II топ мүгедектері жиі кездеседі. Бізге келушілердің кейбірі өздері eGov.kz порталына қалай кіру, қандай әрекеттер жасау керектігін үйренгісі келеді. Орталықта құқықтық, психологиялық кеңесnth беріледі. Ол үшін заңгерге арнайы барып, ақша жұмсаудың қажеті жоқ. Осында бәрі тегін.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық-сараптама комиссиясының тексерісінен өтіп болған соң оларға қандай көмек қажеттігі туралы айтыла ма?
– Әрине. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы бар. Ол – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың оңалту шараларының нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін айқындайтын құжат. Оңалтудың жеке бағдарламасы организмнiң бұзылған және жоғалтқан функцияларын қалпына келтiруге және олардың орнын толтыруға бағытталған медициналық, әлеуметтiк және кәсiптiк оңалту шараларын қамтитын оңалту iс-шаралары кешенiн айқындайды. Оңалтудың жеке бағдарламасы жүргізілген сарапшылық-оңалту диагностикасының нәтижесіне және мүгедектігі бар азаматтың оңалту іс-шараларын жүргізуге мұқтаждығына байланысты әзірленеді. Осы орайда әлеуметтік қызметтер порталы – мүмкіндігі шектеулі жандарға санаторий-курорттық емдеуді, протездік-ортопедиялық көмекті, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, арнаулы жүріп-тұру құралдарын, сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін сатып алу мүмкіндігін беретін әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бөлігі. Мәселен, оларға сүйеніп жүретін таяқ, арба және тағы басқа да заттары қажет болған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығына барудың керегі жоқ. Әр мүгедектігі бар азамат өзінің жеке электронды қолтаңбасымен өтініш тастай алады. Өтінішті жіберген соң ол Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының базасына түседі. Сосын ол жақтан «құжатыңыз қабылданды» немесе «кері қайтарылды» деген жауап келеді.
– Орталық мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыру қызметімен де айналысады. Жұмыс берушілер тарапынан қандай кемшіліктер бар?
– Иә, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастырамыз. Оны Шымкент қаласындағы Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесе отырып жасаймыз. Жыл сайын мүгедектігі бар азаматтарға бөлінетін квота қала әкімінің қаулысымен бекітіледі. Сол бойынша қай мекемеде неше бос жұмыс орындары бар-жоғы анықталады. Бекітілген соң Еңбек мобильділігі орталығы бізге бос жұмыс орындары туралы ақпарат береді. Сол бойынша еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға кірісеміз.
Кез келген мүгедектігі бар тұлға жұмыс істеуге құқылы. Ал мемлекеттің міндеті — осы тұрғыда оларға көмек беру.
Оларға сәйкес, мүгедектігі бар азаматтардың штаттық саны 2-4%тең, ауыр жұмыс, қауіпті және зиянды еңбек жағдайы есепке алынбаған квота қарастырылған.
Жұмысшылар саны 50-100 болатын кәсіпкерлік субъектілері үшін квота 2%-ға тең, жұмысшы саны 100-250 болса — 3% және 250-ден көп жұмысшысы бар кәсіпорындарға арналған квота — 4%.
Еңбек мобильділігі орталығының мамандарымен тікелей байланыста болып, тіркеп жұмысқа орналастырамыз. Кейде жұмыс берушілер «сіз бізге сай келмейсіз» деп қайтарып жіберетін кездер болады. Басында квотаға енсе де, осындай жағдайлар болып жатады. Түрлі қарсы уәж айтатындар бар. Сосын жұмыс берушілердің жұмыс орындарында мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімді жағдайлар жасалмаған. Мысалы, зағип жандар үшін тактильді плиталар төселмеген, пандустар, әжетханада мүгедектерге арналған тұтқа жоқ. Оны тексеретін де, айыппұл салатын да – медициналық сараптама комиссиясы.
Жылдың басында «жұмыс береміз» деген 54 мекеменің екеуі райынан қайтты. Бізде кейде мүгедектігі бар адамдардың өздері жұмыстан бас тартатын жағдайлар болады. Денсаулығы жарамайтынын, жұмыс орнының алыстығы, жұмыстың ауырлығы секілді уәж айтады. Бірінші топтың ішінде де жұмыс істеуге тыйым салынған азаматтар бар. Негізінде үшінші топ жұмысқа жарамды. Медициналық сараптама комиссиясы екінші топта да, бірінші топта да 50/50 пайыз қорытынды береді. Кейде 80 пайыз жарамсыз деген қорытынды да жасалады.
– Қанша адамның жұмысқа тұруына көмектеріңіз тиді?
– Биыл 10 айдың ішінде 17 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтарға кеңес берілді. Жыл басынан бері «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығына 2155 мүгедектігі бар адам жүгініп, оның 951-і жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамтылған. Соның ішінде 344-і – жастар. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 9 мүгедектігі бар азамат – әлеуметтік жұмыс орындарына, 37-сі – «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша, 133-і –қоғамдық жұмыс орындарына, 26-сы – «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен жұмысқа жолданды. Сонымен қатар, 37 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасты. «Алғашқы жұмыс орны» бойынша –26 адам, «Жастар практикасы» бойынша – 40 адам, «Қоғамдық жұмыс орнымен» – 44 адам, тұрақты жұмысқа 387 адам орналасты. Сонымен қатар әлеуметтік жұмыс орнына 9 адам тұрды. Одан бөлек, «Бастау Бизнес» бағдарламасымен 10 айдың ішінде қайтарымсыз грантқа 70 адам ие болды. Олар көбінде жартылай фабрикаттар мен тәттілер пісіреді.
Ал 262 адам «Бастау Бизнес» жобасымен қашықтан оқытылды. Қайтарымсыз грант 69 адамға берілсе, 364 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты бос жұмыс орындарына жолданды. Жыл басында мүгедектігі бар 200 азаматты 54 мекемеге жұмысқа орналастыру жоспарланған еді. Қазір соның 69 пайызы іске асты. Яғни, 138 азамат жұмыспен қамтылды.
-Әңгімеңізге рахмет!
NARKESKEN.KZ