Әлеуметтік проблемалар көбіне жұмыссыздықтан туындайды. Сондықтан Мемлекет басшысының өзі де халықты жұмыспен қамтуды міндет етіп қойып отыр. Шымкент қаласының әкімдігі бұл мәселені оңтайлы шешудің жолын тапқан. Бұл – бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдастыру.
Шымкентте 2024 жылдың 20 қарашасында сағат 11:00-де «TEN QOGAM» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Еңбек мобильділігі орталығы мен «AMANAT» партиясы қалалық филиалының ұйымдастырып отыр.
Іс-шара «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылуда.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде еңбекке жарамды мүгедектігі бар азаматтар қаламыздағы жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысып, жолдама ала алады. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қала аумағындағы 20-ға жуық мемлекеттік және жекеменшік мекемелер қатысады деп жоспарлануда. Олар денсаулық, білім, өндіріс, қызмет көрсету салаларына қатысты бос жұмыс орындарын ұсынады.
Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушілермен бірлесіп мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруды ұйымдастырады. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары – жеке мүмкіндіктерді ескере отырып жабдықталған жұмыс орындары. Жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын құру кезінде мемлекеттік бюджеттен субсидиялау арқылы жабдықты сатып алуға және монтаждауға жұмсалған шығындар өтеледі.
Жәрмеңке мына мекенжайла өтеді: Шымкент қаласы, Ж.Аймауытов көшесі, 130 үй, «TEN QOGAM» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы.