Шымкент қаласында жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән берілуде. Бұл орайда инвестиция тарту, кәсіпорындарды көбейту, жұмыс орындарын ашуға басымдық берілген. Қалаға инвестиция тарту – тек қаржы көзі ғана емес, сондай-ақ, шетелдік тәжірибенің, мүмкіндіктердің келуіне мүмкіндік ашу. Бұл өз кезегінде дамудың жаңа бағытына, ауқымды өзгерістерге, экономиканың әр саласына тың серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында жобаларды тиімді іске асыру үшін инвестиция тартудың маңызы зор екенін айтқан еді. Әсіресе, шетелдік инвесторлар мен отандық бизнес өкілдерін, кәсіпкерлерді ынталандыру қажет екенін бірнеше мәрте айтты.
Шымкент қаласында 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары және жеке бастамалар, сондай-ақ жүзеге асырылатын концепцияларды жүзеге асыру арқылы 2024 жылға 26 482 жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның 26 096-сы – тұрақты жұмыс орындары, 386-сы – уақытша.
Оның ішінде концепциялар бойынша 3 140 жұмыс орнын, 386 – уақытша, 2 754 – тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал, 23 342 орын жеке бастамамен — жекеменшік есебінен іске қосылатын жеке меншік балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқа да қызмет көрсететін ұйымдар арқылы құрылатын жұмыс орындары.
2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, даму жоспары және жеке бастамалар, сондай-ақ жүзеге асырылатын концепцияларды жүзеге асыру арқылы 18 920 адам жұмысқа орналасқан.