Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді.
Бүгінде Шымкент қаласында да кәсіп бастап, тәуір тұрмыс кешкендер қатары молайып келеді. Бұл орайда қоғамның кез келген мүшесіне мүмкіндік жасалған.
Биыл қаламызда 426 адамға грант беру жоспарланса, комиссияның шешімімен 428 адамның бизнес-жобасын қолдауға қайтарымсыз қаржы мақұлданды. Қайтарымсыз грант алғандардың 347-сі – әйелдер.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Жанат Өтебаева жоспардың артығымен орындалуының себебін «комиссия өкілдері 400 АЕК-ке дейінгі қаржыны оңтайландырып, тағы екі адамға грант тағайындау мүмкіндігі жасалды» деп түсіндірді.
«Халықтың осал тобындағы азаматтардың қайтарымсыз грант қаржысына шағын кәсіпкерілігін бастап, немесе дамытып, өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндігі болады. Қайтарымсыз грант қаржысы бір рет беріледі. Оның нысаналы мақсаты бойынша – қажетті еңбек құралдарын сатып алуға және технологиялық жабдықты, мал, құстарды, көшеттер, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға жұмсалуы тиіс. Берілетін қайтарымсыз қаржының көлемі 400 АЕК, 1 476 800 мың теңге», – деді Жанат Өмірсейітқызы.
Грантқа үміткерлер, яғни халықтың осал тобына жататын азаматтар бірінші кезекте – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша оқып, арнайы куәлік алуы тиіс. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарамды. Екіншіден – бірыңғай терезе «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде өтінім ұсынуға тиіс.
Биыл business.enbek.kz онлайн платформасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқуға 2291 әйел тіркелген. Ал, грант алуға екі лекте жалпы 2 426 адамнан өтінім түсті.
Комиссия мақұлдаған бизнес-жобалардың 44-і мал және құс шаруашылығы, 100-і қызмет көрсету салалары, 56 жоба кондитер және нан өнімдері, 84-і тігін, 31 жоба жартылай фабрикаттар, 8-і жиһаз өндірісі, 62 жоба өндіріс саласы және 43-і қоғамдық тамақтану орындары іске қосу жобасын құрады.
Ал, санаттар бойынша атаулы әлеуметтік көмек алып отырған отбасы – 5, көпбалалы отбасы — 130, 14-і асыраушысынан айырылып, бүгінде әлеуметтік төлем алып отырған отбасы, 31-і еңбекке қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектігі бар азамттар болса, 37-сі мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, грантқа өтінім беру үшін 7 санат, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көп балалы, оның ішінде балалардың ең үлкені 23 жасқа дейін жоғары оқу орны мен арнаулы орта кәсіптік колледжд студенті ретінде жәрдемақы алушы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, 400 айлық есептік көрсеткіш 1 476 800 теңгені құрайды. Қайтарымсыз грант қаржысын несиені өтеуге, жылжымайтын мүліктерді сатып алуға және акцизделетін өнімдерді өндіруге қолданылмайды.