Елге қоныс аударған қандастарға мемлекет қолдау көрсетеді. Баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру мәселелерін шешеді. Жыл басынан бері Шымкент қаласында 720 адам «қандас» мәртебесін алып, тағы 51 адам қандас мәртебесін жарты жылға ұзартты. Қоныс аударушылардың санының артуына мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр. Үкімет қандастарға 5 бағыт бойынша көмек көрсетеді. Орталықта тегін тұратын қандастар мен олардың отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыруда, кәсіби даярлауда, қайта даярлауда және біліктілігін арттыруда көмек көрсету сынды шаралар қарастырылған.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарихи Отанына оралған қандастарымызды 6 ай мерзімінде тегін тұрғызып, ақысыз қызмет көрсетеді. Соның ішінде жұмысқа орналастыру, кәсіби даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруға көмек көрсету қызметтері де бар.
Орталықта қандастарды кіші кәсіптік мамандықтарға оқыту бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің “Еңбек мобильдігі орталығы” КММ мен Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының “Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы” КММ арасында ынтымақтастық меморандумы жасалған. Осыған сәйкес Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы қандастарды 6 түрлі кіші кәсіптік мамандық бойынша оқытылады. Осы мамандықтардың бірі — тігін кіші кәсіптік мамандығы.
Орталықта қызмет алушы қандасымыз Махаматова Масуда тігін кіші кәсіптік мамандығында екі ай оқып, куәлік алып, қазіргі таңда тігін саласы бойынша «Қазақстан сәні» отандық тігін ательесінде жұмысқа орналасқан. Бүгінде өзі тапсырыстар қабылдап, жеке кәсібін дамытуда.
Қандастарға бұдан өзге аспаз, кондитер, есеп және аудит, электрик, газэлектр дәнекерлеуші курстары бойынша кәсіптік мамандықтарға оқытылады.
Масуда Махаматова Өзбекстан Республикасынан көшіп келген. Бүгінде осы орталықта тегін тұрып жатқан Масуда тігіншілік курстан өзге «Шаштараз» кіші кәсіптік мамандығы бойынша да курста оқып, сертификат алды.
Айта кетейік, Шымкент қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.