26/11/2024

ЕҢБЕК АДАМЫ: ТОҚЫМАШЫ КҮЛЖАН

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқорлықты елдегі басты мәселелердің бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда еңбексүйгіш адам алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Өйткені кез келген жетістіктің негізі – адал еңбек пен іскерлік. Осындай еңбекқор жандардың бірі – Күлжан Сандыбайқызы СЫЗДЫҚ. Ол «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында еңбек нұсқаушысы болып жұмыс істейді.

Күлжан апай бұл орталыққа  «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы аясында жолдамамен келгеніне бір жылға жуықтады. Ол «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығына келуші мүгедек жандарға қолөнермен айналысуды үйретіп жүр.

Кейіпкеріміз –  II топ мүгедегі. Ол Бәйдібек ауданы Шалдар совхозына қарасты Сарқырама ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Биыл 55 жасын атап өтті.

«Мен 5 жасымда мүгедектік алдым. Ата-анамның айтуынша, бастапқы кезде дені сау балалар секілді ойнап жүргенмін. Ештеңе байқалмайтын. Бірақ көп жылай береді екенмін. Содан дәрігерлерге тексерткен кезде дисплазия диагнозы қойылыпты. Ол заманда қазіргідей емдейтін тәсілдер болмады. Оған қоса дәрігерлерге кеш көрсетті. Отбасында алты қыз, төрт ұл едік. Өкінішке қарай, үш бауырым өмірден өтті», –  дейді К. Сыздық.

Күлжан апай бала кезінен қолөнерге жақын болып өсті. Сол кезде өзге бүлдіршіндер секілді далада асыр салып ойнамады. Ол анасы мен әжесінің, қала берді көрші әжелердің қасында отырып, тоқыма тоқуды үйреніп алды. Әрбір жіптің қалай ілініп алынатынын зерек қыз қағып алып отырды.

«Ол заманда қазіргідей дайын жіп жоқ қой. Шешем қойдың, ешкінің жүнін түтіп, жіп иіріп береді. Содан бас киім, шұлық, қолғап, мойын орағыш, жемпір секілді киім түрлерін тоқи беретінмін. Тоқыма – адамның ойын бір сәт болсын қым-қуыт тіршіліктен басқа жаққа бұруға септігін тигізеді. Миың демалады. Ал өз қолыңнан шыққан бұйымды көргенде балаша қуанасың, мақтанасың, өзіңе риза боласың», — дейді шебер.

Күлжан Сандыбайқызы тоқымадан бөлек, басқа да қолөнер түрлерімен 2008 жылдан бері айналыса бастады. Ол бисерлер мен моншақтардан түрлі заттар жасайды және теріден картина салады. Оның қолынан шыққан бұйымдар «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығындағы бір бөлменің шырайын келтіріп тұр. Ол осы орталыққа келуші мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге моншақтан сөмке тоқуды, ойыншықтар жасауды, бисерден де түрлі заттар жасап шығаруды үйретеді. Оның айтуынша, олар тек қолөнерді ғана үйренбейді, сонымен қатар денсаулығына да оң ықпалы тиеді. Өйткені мүгедек жандар күнделікті осы іспен айналысу арқылы қолдарының моторикасын дамытады.

«Шымкенттегі мүгедектерді оңалту орталығына келіп жүріп, қолөнердің басқа да түрлеріне қызығушылығым оянды. Оған дейін 4 жыл бойы пауэрлифтингпен айналыстым. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Кейін қолөнерге ауыстым. Адамның өзіне ұнайтын іспен айналысқаны жақсы ғой. Қазір өмірімнің бір мәніне айналды. Оңалту орталығында Жылқыбаев Бөрібай Қабылбекұлымен танысып, 2016 жылы тамыз айында екеуіміз бас қостық. Ол –  I топ мүгедегі. Ол да қолөнермен айналысады. Екеуімізге Нұрсәт шағынауданынан берілген уақытша пәтерде тұрып жатырмыз. Үй кезегінде 800-ші болып тұрмыз», — дейді ол.

Қазір Күлжан апай моншақтан неше түрлі бұйым тоқып шығады: Сөмкелер, ойыншықтар, қобдишалар, шашқа тағатын әдемі заттар және тағы басқа. Мәселен, моншақтан бір сөмке құрап шығу үшін 250-500 грамм моншақ қажет. Яғни сөмкенің көлеміне байланысты. Дәл сондай бархыт моншақтан жасалған сөмке жуырда ғана 25 мың теңгеге сатылыпты.

«TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығында Айнұр, Аяулым деген қыздар және Күміс апай тоқыманы жақсы меңгеріп алыпты. Күлжан апайдың айтуынша, олар бір көрсеткеннен-ақ қағып алған. Тіпті өздері жасаған бұйымдарды сатып, пайдасын көріп отыр.

28 қарашада Шымкент қаласының Көрме орталығында қолөнер шеберлерінің көрмесі өтеді. Соған кейіпкеріміз моншақтардан ат тоқып жатыр. Өзгелерге көрсететін басқа да заттары дайын тұр.

Айта кетейік, «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы мүгедектерге ақпараттық-консультациялық, әлеуметтік, құқықтық, психологиялық және жұмысқа орналасу бойынша сүйемелдеу қызмет түрлерін көрсетеді. Онда 4 бөлім жұмыс істейді. Оның біріншісі – ақпараттық кеңес беру бөлімі, екіншісі — құқықтық қызметтер ккөрсету бөлімі, үшіншісі — әлеуметтік психологиялық кеңестер берілетін бөлім, ал төртіншісі — жұмыспен қамтуға орналасуға жәрдем көрсетуге кеңес беру қызметтері көрсетілетін бөлім.

Биыл 10 айдың ішінде 17 мыңға жуық мүгедек азаматтарға кеңес берілді. Жыл басынан бері «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығына 2 мың 155 мүгедектігі бар адам жүгініп, оның 951-і жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен қамтылған. Соның ішінде 344-і – жастар.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар