Ешкімнің көмегінсіз кәсіп бастап, өзін де, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған жандар айналамызда өте көп. Шымкенттік Мадина ТӨРЕХАН – MADINA TOREKHAN STUDIO-сының негізін қалап, 6 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер. Ол – тәжірибелі шаштараз-колорист. Оның әлеуметтік желілері жарқын және әдемі фотосуреттерге, орындалған жұмыстарының мысалдарына және бақытты клиенттердің пікірлеріне толы. Ол көп уақытын жұмысқа арнайды, бірақ ол өзін, отбасын, хоббиін де ұмытпайды. Біз осы керемет көңілді қызбен сөйлесіп, ол туралы аздап біле алдық.
Мадина сұлулық саласындағы еңбек жолын жеті жыл бұрын, 23 жасында жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде бастапты. Шаштараздың оқуын оқымай, өздігінен үйренген соң алғашқыда көп қиналыпты. Тәжірибесі жоқ, жасаған жұмысы кейде клиенттеріне, кейде әріптестеріне ұнай қоймайды. Сол кезде намысқа тырысып, көп ізденіп, шашты күрделі бояуды үйрене бастайды. Осылай өзіне қажетті білім мен тәжірибе жинақтап, клиенттері пайда бола бастайды. Біртіндеп қаржы жинап, оны отандық және ресейлік мықты хейр-стилистерден білім алып, тәжірибе жинақтауға жұмсады.
«Мен ақша табудың соңына түскен жоқпын. Кім қанша берсе де, қанағат еттім. Сол тапқан аз ақшамды жинап жүріп, оқуға жұмсадым, өзімді дамыттым. Осылай клиент жинап, Мадина Төрехан деген атымды шығарып, брендімді қалыптастырдым. Бүгінде осы бренд маған ақшаны өзі әкеліп жатыр. Бастысы адам өз ісін сүйіп істесе, ақша өзі келеді екен», — дейді Мадина.
Бүгінде Мадина Төрехан — Шымкент қаласындағы ең мықты hair-стилист, колористердің бірі. Бұрын ақша жұмсап біреуден оқыса, бүгінде өзі шәкірт тәрбиелеп, колористиканың, шашты күрделі бояудың қыр-сырын үйрететін тәлімгерге айналып отыр.
Осы кезге дейін түрлі сұлулық салондарынан орынды жалға алып, қызмет көрсетіп келсе, биылғы жазда өзі жеке сұлулық салонын ашып, өзі тәрбиелеген шәкірттерімен бірге жұмысты бастап кетті. Қазір ол «МТ» сұлулық салонында 6 қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр.
Алдағы уақытта салонды тағы да кеңейтпек.
«Соңғы жылдары сұлулық индустриясы әр әйелдің өміріне дендеп енді. Сұлу болу үшін шашы, беті мен денесіне түрлі процедуралар жасау қажеттілікке айналды. Әйелдер бүгінде өз бетінше күтім жасауды ұмытып та кетті.
Осыдан 10 шақты жыл бұрын мереке, той-жиын болмаса, тырнақты ұзарту, кірпік жалғау және тіпті шаш бояуға көбінің мүмкіндігі бола бермейтін. Шашты өздері үйде бояп, тырнаққа да өздері күтім жасай беретін. Қазір косметологиялық қызметтердің ауқымы кеңейген. Бұрын тек жұлдыздар мен қалталы әйелдерге ғана қолжетімді болған процедураларды қазір кез келген әйел жасата алады. Тіпті олар кей процедуралар үшін салонға бір ай бұрын жазылып, күтуге бар. Тіпті шаш бояту үшін 7-8 сағат жұмсауға да әзір» дейді Мадина.
Мадина – сол әйелдер бір ай алдын жазылып, шашты 7-8 сағат бойы бояп беретін шебер. Ол әйелдердің шашының табиғи түсін басқа реңкке ауыстырып береді.
«Шашты күрделі бояу әдісі Қазақстанда бұрыннан қолданылған, бірақ бір-екі техникамен ғана шектелетін. Кәсіби түрде ешкім айналыспайтын. Ал, соңғы жылдары осы сала қатты қарқын алды. Колористиканың қатты дами бастағанына төрт жыл болды. Күрделі бояу (колорирование) — бұл бір түстің бірнеше реңктерін қолдануды қамтитын күрделі бояу. Осы арқылы шашты толық және ішінара бояуға болады. Бірінші жағдайда шаштың бүкіл көлемін бояйды, екінші жағдайда шебер тал-талдап бояуға назар аударады. Бөлшектеп бояу (мелирование — қара және ашық түстер кезектесетін бояу әдісі» деп түсіндірді маман.
Мадинаның екі дипломы бар. Бірі – медбике ісі, екіншісі – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Бірақ тағдыр оған еңбек жолын бьюти-индустриядан бұйыртыпты.
Мадина Төрехан – мықты колорист қана емес, мықты бьюти-блогер. Оған блог жүргізуге құрбысы кеңес берген. Инстааграм әлеуметтік желісіндегі парақшасына күнделікті өзі жасаған жұмыстарын ғана емес, күнделікті өмірін салып, өмірден көрген-түйген ойларымен бөлісіп отырады.
«Біздің салонға келетіндерге психологқа барудың қажеті жоқ. Себебі олар шашын ғана өзгертпейді, толық трансформациядан өтді. Ескі проблема, уайым, қарыз-кредиттерін арқалап жүрген шашты да, сол ойларды да артқа тастайды. Сарғайып, ұштанып кеткен шашты қиып, клиенттің типажына сәйкес келетін түсті таңдап, жақсылап, жуып, күтім көрсетеміз. Үш-төрт сағаттық процесс барысында клиентке шай-кофе ұсынып, жақын қарым-қатынас орнатамыз. Ішіндегі ойларын бөлісіп, сыртқы келбеттерін өзгертіп, олар да ерекше көңіл-күймен қайтады. Тұрақты келетін ханымдармен құрбы болып кетеміз. Сондықтан бізде әр түрлі жастағы құрбылар өте көп. Сіз де салонға әңгімеңізді айтып, өзгеріп, жеңілдеп қаласыз ба? Жоқ, сөйлеспейді екенмін десеңіз, біздің салонның сіз үшін есігі ашық. Командамызбен сізге тест жасап, шашыңыз бен көңіл-күйіңізді 100 пайыз өзгертуге жұмыс жасаймыз» депті ол өз парақшасында.
Мұны Мадинаның пиар-қадамы десек те, шындық осылай ғой. Әйелдер әдетте ешкімге айта алмайтын ішкі сырын өзінің мастеріне ғана ашылып айта алады. Осылай Мадинаның салонына барған адамның түр-келбеті ғана емес, ішкі жан дүниесі де өзгеріп шығады.
«Біздің мамандық өмір бойы оқуды, ізденуді талап етеді. Өйткені, шашқа арналған жаңа өнімдер үнемі нарыққа шығады, сән үрдістері жаңартылып отырады. Колорист деген – суретші. Суретшілер сияқты біз де бояуларды араластыру арқылы әр клиентке ерекше түс іздейміз. Бұл жағдайда біз оның сыртқы түр-келбетінің ерекшеліктерін, шаштың күйін, сондай-ақ адамның көңіл-күйін ескереміз. Әрбір колористе кез келген суретші сияқты, өзінің жеке көркемдік көзқарасы болады, сондықтан колористердің әрқайсысының жұмыстары да әр түрлі шығады. Сонымен қатар, бояудың түрлі технологиялары бар, колорист соның арасынан өз көзқарасымен ең тиімдісін таңдайды. Яғни әр колористің өз қолтаңбасы болады. Сондай-ақ, әр колористің өзінде жұмыс істеуге ыңғайлы, көбірек жұмыс істейтін реңкі болады. Біреу жарқын реңктерді қолданғанды жөн көреді, біреу табиғи түстерді көбірек қолданады, ал біреу креативті бояудың шебері. Әрине, жақсы колорист, ең алдымен, клиенттердің сұраныстарына назар аударып, солардың қалауын орындай білуі керек, бірақ бәрібір әркім өзінің жеке қолтаңбасын, өзінің көркемдік көзқарасының бір бөлігін жұмысқа қосады» дейді ол.
Мадина, сонымен қатар, колористикаға оқыту курсын да өтеді. Екі апта ішінде шашты күрделі бояудың барлық техникасы мен технологиясын оқытып, өз салонында практика жүзінде үйретеді. Группасына 4 адамнан артық алмайды, оқыту ақысы — 500 мың теңге.
«Кез келген әйел заты өзінің жеке сұлулық салоны болғанын қалайтын шығар. Мен де армандадым. Сол мақсатқа жетуге талпындым. Командамдағы қыздарды өзім оқытып, үйреттім. Олар жақсы меңгерген кезде жеке салон ашуға кірістім. Олардың мүмкіндіктерін білемін, сенемін. Бастысы мені клиенттердің алдында ұятқа қалдырмайтындарына сенемін. Одан бөлек осы салада жұмыс істеп жүрген шаштараздардың біліктілігін көтеретін курстар да ұйымдастырамын» дейді Мадина.
2024 жыл Мадина үшін сәтті жыл болып отыр. Жасы 30-ға келгенде өмірлік жартысын кездестіріп, тұрмысқа шықты. Өзінің жеке сқлулық салонын ашты.
«Жолдасымды алғаш көргенде өз адамым екенін жүрегім сезді. Өзім есеппен тұрмысқа шығу дегенді түсінбеймін. Әрдайым махаббатпен тұрмысқа шығамын деп жүретінмін. Махаббатым кеш кездессе де, қазір бақыттымын. Біздің жаста бас қосқан адамдардың бір-бірлеріне бағынуы қиын болады деп жатады ғой. Ерлі-зайыпты бір-бірін шын сүйсе, бағыну-бағынбау деген әңгіме болмайды, бір-бірінің қалауын айтқызбай түсініп, айтқызбай жасауға тырысады екен. Қазір менің жұмысымның ауыр тұсын жолдасым атқарып жүр. Жиһаз әкелу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, мамандар табу секілді шаруаларды ер азаматым мойнына алды. Енем де жұмысымды түсінеді. Үй шаруасына жегіп қойған жоқ», — дейді ол.
Сұлулық салоны Мадина үшін — жұмыс орны емес, өмір салты. Ол адамдарға өздерін күтуге көмектесіп, материалдық жағдайына қарамастан әр қыз бен әйелге әдемі болуға мүмкіндік беріп жүр.