Шымкентте құрылыс материалдарын өндіруге арналған 16 жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Narkesken.kz сайтының тілшісі қала әкімнің аппаратына сілтеме жасап хабарлайды.
Жалпы инвестиция көлемі 58,1 миллиард теңгені құрайтыны айтылды. Құрылыс индустриясында 16 жобаны іске қосу арқылы 8,6 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Олардың ішінде биыл 39,2 миллиард теңге сомасына бес инвестициялық жоба жүзеге асырылуы мүмкін.
Мысалы, биыл Шымкентте 950 миллион теңгеге асфальтбетон зауыты ашылады. Мұнда 22 адамды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, Шымкентте 1,08 миллиард теңгеге тағы бір ұқсас өндіріс іске қосылады. Жұмыс орындарының саны – 24.
Одан басқа, биыл темірбетон бұйымдарын өндіретін зауыттың құрылысын бастау жоспарлануда, онда 300 жұмыс орны құрылмақ. Жоба құны 7 миллиард теңге.
Ал 2024 жылдың соңына дейін 4,7 миллиард теңге инвестициямен темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыт ашу көзделуде. Мұнда 180 жұмыс орны болады.
Сондай-ақ, керамикалық плитка өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Инвестициялар сомасы 25,5 миллиард теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Шымкентте шетелдіктердің қатысуы бар алты жобаның жүзеге асырылатыны айтылды. Олардың іске қосылуы 2024-2027 жылдарға жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі 56,5 миллиард теңге, ал 1,4 мың адам жұмысқа орналасады деп күтілуде.