26/11/2024

ЖӘРМЕҢКЕДЕ 600 БОС ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛДЫ

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүгедектігі бар азаматтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.

Іс-шара жергілікті әкімшілікке қарасты «Еңбек мобильділігі» орталығы мен «Ten qogam» әлеуметтік қолдау мекемесінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Сондай-ақ, игі іске партия филиалы жанындағы «Отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау» жөніндегі аймақтық кеңестің төрайымы Баян Жандосова атсалысты. Ол бірқатар азаматтарды қабылдап, мәселелеріне үңіліп, тиісті деңгейде көмек берді.

Жиынға «AMANAT» партиясы қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов арнайы қатысты. Сала мамандарымен ерекше жандарға қолайлы жағдай жасаудың жолдарын талқылап, жәрмеңкеге келген азаматтармен пікір алмасты.

Жәрмеңкеге 20-дан аса жұмыс беруші қатысып, 600-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, Еңбек мобильділігі орталығы «Күміс жас» бағдарламасы аясында 355 жұмыс орнын, «Жастар практикасы» бойынша 1886 бос орын және «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы аясында 302 жұмыс орнын ұсынылды.

Жәрмеңкенің нәтижесінде 12 азамат тұрақты жұмысқа сұхбаттасуға жолданып, 6 азамат «Жастар практикасы», «Күміс жас» және қоғамдық жұмыс бағдарламалары аясында жұмысқа орналасты.
Қалған қатысушыларға аудандық Мансап орталықтарының мамандары тарапынан жұмыспен қамту шаралары туралы толық түсіндірме берілді.

Жалпы, 2024 жылы мүгедектігі бар 1368 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Биылғы жылдың 20 қарашасындағы жағдай бойынша 1086 азамат түрлі бағдарламалар аясында жұмысқа орналасты. Оның ішінде, 453 адам тұрақты жұмысқа, 46 адам «Жастар практикасы», 37 адам «Күміс жас» жобасына қатыстырылды.

Мұндай іс-шаралар жыл басынан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. қала әкімінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша квота белгілеу туралы» қаулысы аясында 42 мекемеге 140-тан астам азамат тұрақты жұмысқа жолданды. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту шаралары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл жалпы 33 мыңнан аса азаматты жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып, оның ішінде 1368 мүгедектігі бар адамды жұмыспен қамту көзделген. Нәтижесінде 1000-нан аса мүгедектігі бар жан түрлі салалар бойынша жұмысқа орналасты.

Бұл жәрмеңке мен атқарылған шаралар мүгедектігі бар азаматтарды еңбек нарығына белсенді түрде тарту мақсатында ұйымдастырылған маңызды қадам болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар