26/11/2024

ШЫМКЕНТ: 2024 ЖЫЛЫ МҮГЕДЕКТІГІ БАР 1368 АЗАМАТТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Кез келген мүгедектігі бар тұлға жұмыс істеуге құқылы. Ал мемлекеттің міндеті — осы тұрғыда оларға көмек беру. Шымкент қаласында 2024 жылы мүгедектігі бар 1368 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған. Биылғы жылдың 20 қарашасындағы жағдай бойынша 1086 азамат түрлі бағдарламалар аясында жұмысқа орналасқан.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмысқа орналасқан 1086 азаматтың 453-і — тұрақты жұмысқа, 46 адам «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша жұмысқа жіберілсе, 37 адам «Күміс жас» жобасына қатыстырылды.

Шаһарда ай сайын Еңбек мобильділігі орталығы мен «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырып тұрады.

Осы жолғы жәрмеңкеде  іс-шарада жұмыс берушілер 600-ден астам бос жұмыс орны ұсынды. Нәтижесінде 12 азамат тұрақты жұмысқа сұхбаттасуға жолданып, 6 азамат жастар практикасы, «Күміс жас» және қоғамдық жұмыс бағдарламалары аясында жұмысқа орналасты. Қалған қатысушыларға аудандық мансап орталығының мамандары тарапынан жұмыспен қамту шаралары туралы толық түсіндірме берілді.

Мүгедектерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында жергілікті органдарға жұмыс орындарының квотасын белгілеу міндеттелген.

Оларға сәйкес, Квота жергілікті атқарушы органдармен ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін белгіленеді.

Жұмысшылар саны 50-100 болатын кәсіпкерлік субъектілері үшін квота 2%-ға тең, жұмысшы саны 100-250 болса — 3% және 250-ден көп жұмысшысы бар кәсіпорындарға арналған квота — 4%.

Жұмыс берушілер белгіленген квотаға сәйкес квота енгізілген күннен бастап алты ай ішінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын ұсынуы тиіс.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар