Шымкент қаласының жас тұрғыны Мөлдір Жарылқап – «Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанған 20 жастың бірі. Ол ерекше балалардың дамуына үлес қосатын, әлеуметтік жобаның авторы.
Мөлдір «Zhas Project» жобасы байқауына «Үстел үсті ағаш қуыршақ театры» жобасын ұсынып, бір миллион теңге көлеміндегі грантты ұтып алды.
«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу. Жоба Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асады. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс.
2024 жылы Шымкентте байқаудан әлеуметтік маңызды 20 жоба авторы анықталып, шағын грант иегерлері ақшалай сертификатқа ие болды.
«Мен ерекше балалардың дамуына өз үлесімді қосқым келді. Сондықтан мен ағаштан жасалған, дамуға арналған ойыншықтар, яғни ертегілер әлемі туралы жоба ұсындым. Осылайша, біріншіден, балалардың ұлттық фольклорды, ұлттық ертегілер мен аңыздарды, тарихты білуіне, ал екіншіден, олардың дамуына үлес қосқым келген», — дейді Мөлдір Жарылқап.
«Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға Шымкент қаласындағы NEET жастарынан 300-ден астам өтініш келіп түскен.
«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.
Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.
«Zhas Project» — бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба. Жобаның негізгі мақсаты — NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлікті дамытуына көмектесу.
Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі. 2024 жылы еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама.