Сандуғаш КӨРІКБАЕВА – «Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанып, 1 млн теңге грант ұтып алғандардың бірі. Ол «Кондитерлік өнімдер пісіру» тақырыбында өзінің бизнес идеясын сәтті қорғап шықты. Қазір көпбалалы және жұмыссыз әйелдер, соонымен қатар жұмыссыз жастрға түрлі тәтті нандар пісіруді үйретіп жүр.
«Бұл жоба көп балалы отбасылардан шыққан жұмыссыз әйелдер мен жұмыссыз жастарға кондитерлік өнімдерді дайындау және пісіру бойынша тегін теориялық және практикалық оқу курсын ұсынды. Негізгі мақсат – қатысушыларды жұмысқа орналасу немесе жеке бизнесін ашу үшін қажетті дағдылармен қамтамасыз ету болды. Оқу барысында түрлі торттар, пирожныйлар, печеньелер, шоколадтар дайындау технологиясы үйретілді. Қатысушылар оқып болған соң торт безендіру, нан пісіру секілді басқа да қажетті әдістерді меңгерді», — дейді С.Көрікбаева.
«Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс.
«Zhas Project» — бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба. Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі.
2024 жылы еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарына 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама.
«Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.
«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.
Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.
NEET санатындағы жастар бірнеше категорияға бөлінетін болса, оның ішінде тіпті сотты болған жастар да жұмыспен қамту шараларына қатыса алады. Мәселен, Шымкенттегі еңбек мобильділігі орталығы тарапынан жұмыспен қамту шараларына пробация есебінде тұрған 41 жас тартылған. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 17 жас жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар 372 жас екі қолға бір күрек тапқан.