«Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанып, 1 млн теңге грантты жеңіп алғандардың бірі – Айнұр БЕЙСЕНОВА. Оның жобасы Шымкент қаласының жастарына жұмыссыздық проблемасын шешуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.
Жоба аясында ол жастарға биогумус өндіру технологиясы бойынша білім беріліп, бақша мен ауыл шаруашылығында биогумустың қолданылуы туралы практикалық сабақтар мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
«Бұл шаралар жұмыссыз жастарға жаңа білім мен дағдыларды игеруге мүмкіндік берді, нәтижесінде олар жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашты. Сонымен қатар, биогумус өндірісі және оны тұрмыста пайдалану арқылы аймақтың ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістерге қол жеткізуге болады. Биогумус –бұл экологиялық таза тыңайтқыш, ол топырақтың құнарлылығын арттырып, өнімнің сапасын жақсартады. Жобаның нәтижесінде жастардың жұмыссыздығы азайып, ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ететін жаңа кәсіпкерлік бастамалар пайда болуы мүмкін», – дейді Айнұр.
Айнұрдың түсіндіруінше, биогумус өте пайдалы органикалық тыңайтқыш болғандықтан, оған деген сұраныс та жоғары. Биогумус топырақтың құнарын, құрылымы мен физикалық қасиеттерін жақсартады. Биогумуспен тыңайтылған топырақты бірнеше жыл қолдануға болады.
«Бұл шаруа калифорниялық қызыл шылаушындар арқылы көңді өңдеу, биогумус ( қара топырақ) деп аталады. Өз шикізатымызды өңдеп, ауыл шаруашылығына тыңайтқыш дайындаймыз. Бұл тыңайтқыш – ешқандай қоспасыз табиғи өнім. Қызыл шылаушындар жануарлардың көңімен қоректенеді, солардан шыққан дүниені биогумус деп атаймыз. Бұл органикалық тыңайтқышқа жатады. Қазіргі таңда жердің құнары өте нашар. Барлығы химиялық өнім жасап жатыр. Ал бұл тыңайтқыштар арқылы таза органикалық өнім аласыз. Биогумустың пайдасы мен артықшылықтары оны ауыл шаруашылығында, бақша шаруашылығында және экологиялық таза өнімдер өндіруде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді» дейді ол.
Zhas Project» – бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба. Жобаның негізгі мақсаты — NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу. Жоба жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жоба аясында NEET санындағы жастарға 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.
Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі.