Шымкент қаласының жас тұрғыны Насиба АГЗАМОВА – «Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанып, 1 млн теңге грантты жеңіп алған 20 жастың бірі. Ол «Балаларға арналған тәтті глютенсіз печенье өндірісі» деген тақырыпта жобасын қорғап шықты.
Қазір ол аутизмы бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға глютенсіз пайдалы печеньелер пісіруді үйретуде. Яғни, жоба аясында аутизм диагнозы қойылған балалар үшін түрлі кейіпкерлердің пішінінде печенье пісіру жолға қойылды. Мұның әлеуметтік және медициналық маңызы зор.
«Зерттеулер көрсеткендей, аутизм диагнозы қойылған кейбір балалар глютенге аллергиясы немесе жоғары сезімталдығы болуы мүмкін. Глютенсіз диета олардың жалпы жағдайын жақсартуға, алаңдаушылық деңгейін төмендетуге және мінез-құлықтарын түзетуге көмектесуі мүмкін. Кейіпкерлер формасында глютенсіз печенье жасау балаларға тамақтану процесін қызықтырақ етеді. Бұл денсаулық пен ләззат элементтерін біріктіреді, бұл әсіресе аутизммен ауыратын балалар үшін маңызды, өйткені олар тамаққа қатысты таңдаулы болуы мүмкін. Жоба аясында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға глютенсіз өнімдер тегін беріледі. Бұл тек қаржылық жүктемені төмендетіп қана қоймай, отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға да ықпал етеді. Глютенсіз өнімдердің пайдасын түсіндіру бойынша консультациялар өткізу ата-аналарға балалардың тамақтануын дұрыс ұйымдастыруды түсінуге мүмкіндік береді. Глютенсіз өнімдерді өндіру технологиясы бойынша білім беру шаралары жаңа дағдылар мен біліктерді дамытуға көмектеседі. Жоба әлеуметтік осал топтардан шыққан азаматтар үшін еңбек қызметін ұйымдастыруға бағытталған. Бұл олардың жұмыс табуына немесе жеке бизнес ашуына мүмкіндік береді», — дейді Насиба.
Осылайша, жоба тек глютенсіз печенье өндірісіне бағытталмай, ата-аналарды қолдау мен оқыту, сондай-ақ еңбекке орналасу мен әлеуметтік бейімделу үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға маңызды рөл атқарады.
«Zhas Project» — бұл Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылатын жоба.
Жобаның негізгі мақсаты — NEET санатындағы жастардың кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу. Конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс.
«Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.
«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.
Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жауаптылар сайысқа қатысушылардың тәжірибе жинап қана қоймай, ел дамуына да үлес қосатынын айтады.
Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі.