Елімізде NEET жастарын қоғамға қайта қосу, олардың кәсіп бастауына мүмкіндік беру мақсатында 1 миллион теңге қайтарымсыз грант ұсынатын «ZHAS PROJECT» жобасы ұйымдастырылады. Жобаға 18 бен 35 жас аралығығында NEET категориясындағы жастар қатыса алады. Биыл Шымкент қаласының белсенді 20 қыз-жігіті — «Zhas project» жастар жобасының жеңімпазы атанып, 1 млн теңге грантты жеңіп алды, — деп хабарлайды Narkesken.kz сайтының тілшісі.
Шымкент қаласының жас тұрғыны Нұргүл РҮСТЕМҚЫЗЫ – осы «Zhas Project» жобасында жеңімпаз атанған 20 жастың бірі. Ол «NURA lingerie» әйелдер іш киімін тігетін цехта мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына арналған тігін курсын ұйымдастырды.
Нұргүлдің жобасының басты мақсаты – мүгедек балалардың аналарын әйелдер іш киімін тігу курстарында оқыту, сондай-ақ оқытылған әйелдерге жаңа, заманауи және сұранысқа ие мамандықты меңгерту.
«Қазір әлемде көптеген мамандықтар өткенге кетіп, жаңа мамандықтар пайда болуда. Дегенмен, «тігінші» мамандығы бүгінгі күні де сұранысқа ие болып қалып отыр. Бұл ең алдымен, халықтың әрқашан сәнді, әдемі көріну, кез келген киімде өзін жайлы сезіну және әріптестер, достар мен қоғам арасында ерекшеленуге деген талпыныстарымен байланысты. Жоба аясында әйелдер киімін тігу бойынша тегін курстар өткізілді. Сондай-ақ мақсатты топтардың тұрақты жұмысқа орналасуы мен осы істің табысты дамуы үшін серіктестер іздеуді қамтитын әрі қарайғы жұмыс жоспары жасалды», – дейді Нұргүл Рүстемқызы.
Нұргүлдің айтуынша, тігін тігу – шығармашылық процесс, адамдарға өз идеяларын, стильдерін және талғамдарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Тігін тігу арқылы адамдар өздерінің киімдерін, аксессуарларын немесе басқа да заттарын тігіп алуы мүмкін, бұл оларға қаржылық үнемдеу және бизнесті дамыту мүмкіндігін береді. Тігіншілік – кәсіпкерлік үшін үлкен мүмкіндік.Тігін тігу мәдени мұра мен дәстүрлерді сақтау үшін маңызды. Әр халықтың өзіне тән тігіншілік дәстүрлері мен әдістері бар, оларды сақтап, дамыту қажет. Сонымен қатар, тігіншілік –техникалық дағдыларды, яғни материалдарды таңдау, үлгілер жасау, тігістік технологияларын меңгеру сияқты дағдыларды дамытуға көмектеседі», – дейді жас тігінші.
Ол тігін тігудің стресті азайтып, зейінді арттыратынын және тыныштықты сақтауға көмектесетінін айтты
«Тігіншілік курстары мен шеберханалары адамдарды біріктіреді, жаңа достар табуға, тәжірибе алмасуға, қоғамдастыққа қатысуға мүмкіндік береді. Өз қолымен киім тігу экологиялық таза өнімдерді қолдануға мүмкіндік береді. Бұл дайын өнімдерді сатып алудың орнына қайта өңдеу мен қайта пайдалану мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Жалпы, тігін тігу – бұл жұмысқа орналасу мүмкіндігі. Тігіншілер мен дизайнерлерге сұраныс жоғары, ал өз бетінше тігу дағдылары жаңа кәсіби жолдарды ашуға мүмкіндік береді. Осы себепті тігін тігу – бұл тек функционалдық іс-әрекет емес, ол адамның өміріне, мәдениетіне, экономикасына және психологиялық әл-ауқатына оң әсер ететін маңызды элемент», – дейді кейіпкеріміз.
Айта кетейік, «Zhas Project» жобасы жыл басында еліміздің 20 өңірінде басталған еді. Жоба Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылады.
«Zhas Project» жобасы 18-34 жас аралығындағы жастарға өздерін танытуға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және өздерінің әлеуметтік бастамаларын іске асыруға бірегей мүмкіндік береді. Жобаға қатысушылар тәлімгерлік қолдау ала алады, өз жобаларын әзірлеп, іске асыруға Шағын гранттар ала алады.
Қазақстанда NEET санатына жастардың 4 тобы енгізілген. Олар: жұмыссыз жастар – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, мерзімді әскери қызметтен өткен колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері; нәтижелі қызметке қабілетті, мүмкіндіктері шектеулі; белсенді емес жастар – алкогольге және есірткіге тәуелділіктен зардап шегетін, созылмалы аурулардан зардап шегетін және тиісті оңалтудан өтетін, жұмыс іздеумен немесе оқумен айналыспайтын; үй шаруашылығымен айналысатын – жұмыс іздеумен немесе оқумен айналыспайтын үй шаруасындағы туыстарына, үй шаруасындағы әйелдер, оның ішінде көп балалы аналар мен жалғызбасты аналар.
Жоба ұйымдастырушысы «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, шағын грант байқауына 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.
«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.