26/11/2024

NEET тобы: АҚБӨПЕ ӘБДІҚҰЛ ТІГІН ШЕБЕРХАНАСЫН АШТЫ

Ақбөпе ӘБДІҚҰЛ    «Zhas Project» жобасының NEET тобы жастарына арналған байқауының жеңімпазы атанған 20 шымкенттік жастың бірі. Ол әлеуметтік жағынан осал топтар үшін тігін шеберханасын ашу және тігіншілік курстарын өткізу, киімнің сызбасын салу,  балалар мен ересектер киімдерін тігу, кесу және тағы басқа да тәсілдерді үйрету бойынша жобасын сәтті  қорғап, 1 млн теңгенің қайтарымсыз грантына ие болды.

«Мақсатты аудиторияда ересектер мен балаларға арналған әртүрлі киімдерді тігуді үйреніп қана қоймай, болашақта сәттілікке жету мүмкіндіктерін кеңейтуге де жол ашады. Қорытындылай келе, бұл іс-әрекет жұмыссыздық проблемасын және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында тегін оқу семинарлары өткізілді, сонымен қатар оқу бітіргендерге қолдау көрсетіліп, тәлімгерлік жасалынуда», — дейді Ақбөпе Әбдіқұл.

«Айта кетейік, «Zhas Project»  жобасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша іске асырылады. «Zhas Project» жобасының негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік жобаларға қатысу арқылы NEET жастарын қоғамға қайта қосу.

Қазақстанда «Zhas project» жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асырылады. Жобаға 18 бен 35 жас аралығығында NEET категориясындағы жастар қатыса алады.

Қазақстандағы NEET жастары 7 санатқа бөлінеді:

  1. Білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын, біреудің асырауындағы адамдар;
  2. Жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғызбасты аналар, соның ішінде ерте ана болған жас келіншектер;
  3. Еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер;
  4. Білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;
  5. Оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ, күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер;
  6. Денсаулығы нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар;
  7. Бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы.

NEET жастары конкурсқа қатысу үшін ұсынылатын әлеуметтік жобалар жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. «Қорған-М» ҚБ төрайымы Диана Қырғызбаеваның айтуынша, бұл жобаға бастапқыда 300-ден астам өтініш келіп түскен. Комиссия оның жиырмасын ғана іріктеп алынған.

«Өтініштерді қарау барысында Шымкенттегі әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған, идеясы қызықты және маңызды деген 20 жоба жеңімпазы таңдалды. Жеңімпаздар грантты ақшалай алмайды. Олар өздерінің бюджеттік құжатында көрсеткен құрал-жабдықтарды ғана алады. Сол тізімге сай біздің мекеме оларға қажеттісін алып береді. Осылайша, біздегі барлық процедура ашық. Яғни, жобаны жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді», — дейді Д.Қырғызбаева.

Жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ жұмыспен қамту және білім беру салаларынан уақытша тыс қалған 18 бен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтарға қолдау көрсетіледі.

2024 жылы еліміздің 20 өңірінде NEET санындағы жастарына 1 миллион теңгеге дейінгі 280 шағын грант беру жоспарланған. Бұл жастарға жергілікті қоғамдастықтың мәселелерін шешу үшін өздерінің әлеуметтік идеяларын жүзеге асу үшін қосымша ресурстар мен мүмкіндіктер алуға мүмкін бастама.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар