26/11/2024

Нұржамал ТӘМБЕТОВА: «СОЛТҮСТІКТІҢ СІЗГЕ БЕРЕР МҮМКІНДІГІ МОЛ»

Еліміздегі еңбек күшін реттеу үшін Оңтүстіктен Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының жүзеге асып жатқанына бірнеше жыл болды. Нұржамал Тәмбетова – Шымкенттен Солтүстік өңірге ең алғаш көшкендердің бірі. Ол теріскейге 2015 жылы осы бағдарлама ең алғаш шыққан кезде қоныс аударған. Бүгінде ол Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында тұрады.

Нұржамал Мәметқызының мамандығы – еңбек пәнінің мұғалімі. Бұл жаққа келгенде оған мектеп директорының орынбасары қызметін ұсынған. Кейіннен аудандық білім бөлімінде басшылық қызметтер атқарған. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің еңбек бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту орталығының бас маманы болып та қызмет еткен. Қазір Мағжан Жұмабаев ауданында  елді мекендердің бірінде мектеп директоры қызметін атқарып отыр.

– Қандай бағдарлама шықса да, жұртшылық оны зерттеу керек. Өзім Қазығұрт ауданының қызымын. Шымкентте оқып, тұрмысқа шығып, отбасыммен сонда тұрдық.  2015 жылы осы бағдарлама ең алғаш шығып, ел дүрлігіп көшіп жатқанда қоныс аударғам. Бірақ ол кезде дәл мұндай жеңілдіктер жоқ-тұғын. Бағдарламаның түпкі мақсатын зерттегім келді. Көшіп бара сала маған жұмыс тауып берді. Жас мамандарға жұмыс көп. Өйткені, Солтүстіктегі өзге ұлттардың өз елдеріне көшуіне байланысты халық саны өте азайып кетті. Соның салдарынан табиғи баланс бұзылды. Керісінше Оңтүстікте адам саны жыл сайын көбеюде. Табиғи апаттардың орын алуының бір себебі де – осы. Тепе-теңдік жоқ. Біз ол жаққа қазақты, жалпы халықты көптеп шоғырландыруымыз керек. Кейбір адамдар соны дұрыс түсінбейді. Оларды еріксіз көшіріп жатқандай боламыз. Сондықтан мәлімет адамдарға дұрыс жетуін қалаймыз. Бұл – өмірін түбегейлі өзгертуді қалайтындарға берілген жақсы мүмкіндік, – дейді ол.

Нұржамал Мәметқызы Солтүстікке ең алғаш көшіп барған кезде қиналғандарын да жасырмады.

— Қазір Солтүстікке қоныс аударғандардың кейбірі суыққа, алғашқы кезде кездесетін қиындыққа шыдамай, кері қайтады. Олар біз көрген қиындықты көрмеген екен. Біз барған кезде Солтүстікке көші-қон бағдарламасы енді шыққанмен, жұрт әлі жаппй біле қоймаған, көшуге қорқақтайтын кез. Мұнда қазақтардың өзі қазақша білмейтін. Олар Оңтүстіктен келгендерге, біз олардға тосырқай қарайтынбыз. Қазір Оңтүстік жақтан қоныс аударып жатқандар көп. Ағайыннан жырақта жүрген соң Оңтүстіктен келген адамдар туысыңдай ыстық боп кетеді екен. Бүгінде бәріміз қуаныш-қайғымызды тең бөлісіп, ағайын, дос-жаран болып араласып кеттік, —  дейді.

Нұржамал Мәметқызы жерлестеріне Солтүстік жаққа көшерде ойланып қадам басуға кеңес береді.

— Иә, алғашқыда басқа ортаға, ауа райына бейімделу оңай болмайды. Бұл жаққа келгенде осы елді дамытамын, үлесімді қосамын деген түзу ниетпен келу керек. Көшіп келгендердің 90 пайызы сол жақта қалып қойды. Қазір біздің Мағжан Жұмабаев ауданына қоныстанғандардың ешқайсысы жаман болып жатқан жоқ. Жағдайлары жақсы. Қораларында 200-300 қой, 30-40 сиыр, жылқы, жеке кәсіптері бар. Еңбек еткен адам аш қалмайды, — дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Солтүстіктегі тағы бір мәселе – қазақ мектептерінің жабылып қалу қаупі. «Сондықтан мейлінше ол жаққа көпбалалы отбасылардың барғаны қажет» дейді.

Ол  Шымкент халқының да беріліп отырған мүмкіндікті пайдаланып, өмірін жақсы жаққа қарай өзгерткенін қалайды.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның жұмыс күші артық өңірлерінен еңбек тапшылығы бар өңірлеріне қоныс аудару бағдарламасы  «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы  аясында іске асырылып отыр. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.

Ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:

1) көшуге арналған субсидия – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;

2) отбасы мүшелерінің санына және елдімекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;

3) қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;

4) жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.

2024 жылы Қазақстан қандастарды қабылдау үшін 2433 квота, солтүстік облыстарға қоныс аударатындар үшін 7050 квота бөлінді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 554 квотаға көп.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар