ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬДЕ 40 МЫҢ БАЛА ТЫНЫҒАДЫ

Түркістан облысында балаларды жазғы демалыста сауықтыру шараларын тиімді ұйымдастыру мақсатында жалпы 32 лагерь маусымдық қызмет көрсетеді. Оның – 11-і мемлекеттік, 21-і – жекеменшік. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев дайындық жұмыстарын пысықтау мақсатында мәжіліс өткізді. Жиынға облыстық Білім басқармасы, өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, жауапты аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімінің басшылары, лагерлердің жетекшілері онлайн-офлайн форматта қатысты.

— Оқушыларды қабылдау, нысандардың инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын реттеу, қызмет көрсетуді ұйымдастыру мәселелерін талқылауға жиналып отырмыз. Бұл істерге қаңтар айынан бастап кірістік. Лагерьлерді аралап көрдім. Әлі де жұмыс баяу. Уақыт тығыз. Жазға дейін сақадай сай болуымыз керек. Балалардың қауіпсіздігіне баса мән беріңіздер. Ғимараттарды жөндеу жұмыстары бойынша мониторингті тоқтатпаңыздар. Әсіресе жекеменшік лагерьлерді зерделеу қажет. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына басымдық берілуге тиіс. Бұл бағыт облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Жұмысты күшейтіңіздер, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекованың мәлімдеуінше, биыл біршама өзгерістер бар. 2025 жылы балаларды сауықтыру жұмыстарының басым бөлігін мемлекеттік лагерьлер мен облыстық білім басқармасына қарасты 2 мекемеде өткізу жоспарланып отыр. Қосымша модульдік жатын орындарын қойып, балалардың санын арттыру көзделіп отыр. Осы жылы облыстағы жазғы сауықтыру лагерьлерінде 40 мыңнан астам бала тынығады. Ал лагері жоқ аудандардың мәселесін шешу жолдары қарастырылуда.

Әр маусымның ашылуы алдында қауіпсіз ауыз су жүйелерінің болуы, тамақтану және тұру жағдайының қамтылуы, залалсыздандыру, медициналық көмектерді үйлестіру, үй-жағдайлардың және аумақтың залалсыздандырылуы, су мен топырақты зерттеу сынды шаралары жүргізіледі. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Бекболатұлы арнайы жол картасы аясында жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар