Шымкентте «Біртұтас ел – біртұтас жер» бағдарламасы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Айбынды жастар – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында әскери-патриоттық әндер фестивалі өтті.
Фестивальді «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің Республикалық Одағы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Фестиваль Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 150 мектептің арасында болды.
Байқау төрт жанрда: дәстүрлі, эстрадалық, опералық және фольклорлық бағыттар бойынша өтті. Іріктеуде үздік шыққандар республикалық патриоттық әндер байқауына жолдамаға ие болады.
Фестивальға қатысқан оқушылардың өнерін бағалауға әнші, тарихшы түрлі сала мамандары мен ардагерлер қазылық етті.
Іс-шараны «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері» РҚБ Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Алтын Барыс» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері отставкадағы полковник Серікбай Онбаев пен «Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектерінің» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Мұрат Аманбаев ашып, жастарға сәттілік тіледі.
Жиынға Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің «Ерлік музейі» бөлімінің қызметкерлері мен Шымкент қалалық Қоғамдық Бірлестіктер коалициясы ардагерлері,«Желтоқсан ақиқаты» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Оспанова Гүлмира Болатқызы және басқа ҚБ ардагерлері қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдеге № 35 М.Мәметова атындғы жалпы орта білім беретін мектебі ие болды.
Фестиваль соңында қатысушылар марапатталып, оларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.