Тәуліктің ұзақтығы барлығына бірдей. Біреу жұмысына үлгеріп, достарымен кездесуге немесе театрға баруға, кешкі ас дайындауға, барлық ыдыстарды жууға және дұрыс ұйықтауға уақыт табады. Ал біреу ештеңеге үлгермей, түн ортасында ұйықтайды. Мұның бәрі уақытты дұрыс ұйымдастыруға байланысты. Осыған орай Narkesken.kz уақытты тиімді басқарудың бірнеше әдісін ұсынады.
ЭЙЗЕНХАУЭР МАТРИЦАСЫ
Эйзенхауэр матрицасы – бұл уақытты басқару әдісі, ол басымдықтарды белгілеуге: маңызды нәрсені жасау және қажетсіз уақытты ысырап етпеуге көмектеседі.
Матрица екі критерий бойынша 4 квадрантқа бөлінген кесте – маңыздылығы бойынша (тік) және жеделдігі бойынша (көлденең):
Квадрант А – маңызды және шұғыл істер. Бұл квадрантқа тапсырмалар енгізіледі, олардың орындалмауы мақсатқа жетуге кедергі келтіреді немесе одан әрі жұмысты қиындатады.
Квадрант B – маңызды, бірақ шұғыл емес істер. Бұл тапсырмалар тізіміндегі ең перспективалы тармақтар. Олар күн сайын жасалуы керек, ең көп жұмыс уақытын бөлуі керек.
Квадрант C- шұғыл және маңызды емес істер. Бұған күнделікті электрондық поштаны талдау және жұмыс үстелін ретке келтіру кіреді.
Квадрант D – шұғыл емес және маңызды емес істер.
Эйзенхауер әдісі істер тізімін визуализациялауға және жұмыс ауқымын бағалауға көмектеседі.
Матрицаның пайда болуы АҚШ-тың 34-ші президенті Дуайт Эйзенхауэрмен байланысты.
«1-3-5» ӘДІСІ
Оның мәні мынада: күн сайын әр түрлі көлемдегі істерді орындау керек: біреуі үлкен (мысалы, тоқсандық есепті дайындау), көлемі бойынша үш орташа (мысалы, азық-түлік дүкеніне бару немесе емханаға бару және сынақтардан өту) және бес шағын (мысалы, кір жуғыш машинаны жүктеу немесе кешкі асқа палау жасау). Жүктеме біркелкі бөлінеді және ұсақ заттардан үйінділер болмайды.
“КАНБАН”ӘДІСІ
Жұмысты ұйымдастырудың мұндай жүйесі аяқталған, атқарылып жатқан немесе өз кезегін күтіп тұрған тапсырмаларды бақылауға мүмкіндік береді. Тақта мен түрлі-түсті стикерлер қадамдарды визуализациялауға көмектеседі. Тақтада үш бағанды белгілеңіз – «жасау», «іс үстінде», «дайын» (саны мен атаулары әрқилы болуы мүмкін).
Стикерлерге тапсырмаларды жазыңыз және оларды дайындық дәрежесіне байланысты тақтада жылжытып отырасыз.
ҮШ ІС ӘДІСІ
Бірнеше мәселені қатарынан шешу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан біз істер тізімінен ең маңызды үшеуін таңдаймыз және оларға назар аударамыз. Бұл ұсақ-түйекке назар аудармай, жинақталуға көмектеседі.
FRESH OR FRIED ӘДІСІ
Адамның миы таңертең сергек болып тұрғанда күрделі мәселелерді шешуге дайын болады. Күндіз ол көп жұмыс істейтіндіктен кешке қарай ерлік жасауға күші жетпейді. Тапсырмаларды бөлу кезінде осыны ескеру қажет: шоғырлануды, зейінді, көп күш-жігерді қажет ететін нәрсені күннің бірінші жартысына жоспарлау керек, кішігірім және жеңіл нәрселерді түстен кейін немесе кешке ауыстыруға болады. Осылайша сіз өнімділікті арттырып, шамадан тыс жұмыс жасамауға болады.
«АЛДЫМЕН БАҚАНЫ ЖЕУ» ӘДІСІ
Шындығында мәселе бақалар жайында емес. Мәселе қарапайым және күрделі, жағымды және онша емес істер туралы. Адамның көңілі қаламайтын істер болады – мүлде беттегісі келмейді, кейінге қалдырғысы келеді. Бірақ болмайды. Іштей осыған мазасызданып, жүйке жұқара бастайды.
Сондықтан жаңа жұмыс күнін дәл осындай әстен бастау керек! Мәселені шешу (өзіңді жеңу) жігерлендіріп, бойыңызға күш-қуат береді.
ОН МИНУТ ЕРЕЖЕСІ
Кезекті тапсырмадан бас тартқыңыз келеді – іске кіріскіңіз келмей, қашқалақтап жүресіз, сондайда осы іске небәрі 10 минутыңызды арнауға өз-өзіңізге уәде беріңіз. Ал, іске кірісіңіз! Бастысы – бастау, әрі қарай осы минуттар ішінде жұмысқа бел шеше кірісіп, шаруаны еңсеріп тастауыңыз мүмкін.
ҚЫЗАНАҚ ӘДІСІ
Бұл техниканы итальяндық бағдарламашы Франческо Цирилло ойлап тапқан, ал ол идеяны ас үйдегі қызанақ түріндегі таймерден алған. Мәні неде? Таймерді 25 минутқа қойып, қандай да бір істі орындауға назар аударамыз (біз бір қызанақты «жейміз»). Сигнал бойынша тоқтап, 5 минут демаламыз – терезеге қараймыз, әлеуметтік желілердегі таспаны парақтаймыз, поштаны тексереміз. Содан кейін 100 минутты бөліп, келесі тапсырманы орындаймыз (тағы 4 қызанақты «жейміз»). Осы ұзақ жүгіруден кейін көбірек үзіліс қажет – 30 минут. Қарқынды жұмыс кезеңдері мен демалу кідірістерінің бұл үйлесімі маңызды нәрсеге назар аударуға, алаңдамауға және аз шаршауға көмектеседі.
«90-НАН 30-ҒА» ӘДІСІ
Бұл әдіс жұмыс пен демалысты реттей отырып уақытты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бір жарым сағатта күрделі мәселелерді шешуге арнап, жарты сағат демалыс кезінде қарапайым тапсырмаларды көп күш жұмсамай-ақ шешуге негізделген. Егер бір жарым сағат үзіліссіз жұмыс істеу қиын болса, уақытты «52-ден 17-ге» өзгертуге болады, мұнда 52 минут – жұмыс циклі, 17 минут – демалу үшін үзіліс.