Бала қауіпсіздігі – әрқашан басты назарда. Олардың өмірі мен денсаулығын қорғау – ата-ананың тікелей міндеті. Осы мақсатта Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балалардың жоғары қабаттан құлауының алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Іс-шара Қаратау және Абай аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлерде өткізілді.
ТЖД мамандары үйлерді аралап, ата-аналарға терезе маңында баланы қараусыз қалдырудың қауіптілігі туралы айтып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар, тұрғындарға балалардың қауіпсіздігіне арналған жаднама парақшалары таратылды.
Әсіресе көпбалалы отбасыларға ерекше назар аударылды. Осындай отбасылардың пәтерлерінің бірінде терезе бекіткіштері орнатылып, мамандар балалардың өмірін сақтау үшін қандай қарапайым, бірақ маңызды қадамдар жасау керектігін түсіндірді.
ТЖД мамандары ата-аналарға:
- Терезелерге арнайы бекіткіш орнату және терезе торларының қорғаныш болмайтынын назардан тыс қалдырмауға;
- Балаларды қараусыз қалдырмауға;
- Терезе маңында орындық, үстел сияқты жиһаздарды қоймауға;
- Балалармен терезе мен балкон маңындағы қауіптер туралы сөйлесуге кеңес береді.