Шымкентте «Ардағым ардагерім» акциясы аясында қала жастары Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің үйіне барды. Жастар ардагерлердің үй шаруасына көмектесіп, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып әперді.
Атап айтқанда, соғыс ардагері Нина Мосунованың үйіне Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев бастаған дәрігерлер мен жастар барды.
– Біз бүгінгі бейбіт өміріміз бен аспанымыздың ашық болғаны үшін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, қан майданда ерлік көрсеткен ата-әжелерімізге қарыздармыз. Сондықтан ардагерлерді ардақтау бүкіл қоғамға ортақ міндет деп ойлаймын. Бүгін біз Шымкент қаласының тұрғыны, соғыс ардагері Нина Егоровнаның үйіне келіп, ол кісінің денсаулығын тексеруден өткізіп, мамандарымыз дәрігерлік кеңес берді. Ардагерлеріміз әрдайым аман болсын, – дейді Б.Абдуллаев.
Ал, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері мен жастар тыл ардагері Клавдия Панкинаның үйіне барды. Олар ардагер әжейге үй шаруасы бойынша көмектесіп, жылы сөздерін айтып, көңілін көтерді.
– Тыл ардагерлері майдангерлермен қатар сұрапыл соғыстың барлық ауыртпалығын көтерді. Әйелдер мен балалар өте ауыр жағдайларда еңбек еткенін, сөйтіп, Жеңіске лайықты үлес қосқанын тарихтан жақсы білеміз. Бүгін сол тыл ардагерлерінің бірі – Клавдия Степановнаның үйіне келіп, ол кісіге сый-сияпат жасап, үй шаруасына көмектесіп, барлық құрметімізді көрсетіп жатырмыз, – дейді Әл-Фараби ауданыны әкімдігінің бөлім басшысы Қадырхан Арысбеков.
АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚОЛҒАБЫС ЖАСАДЫ
