Жеңістің 80 жылдығына орай Шымкент қаласындағы ескерткіштерді жаңарту және тазалау жұмыстары жалғасуда. Бұл бастаманың басты мақсаты — соғыс ардагерлерінің рухына тағзым етіп, тарихи орындардың келбетін қайта жаңғырту. Осындай шаралардың бірі Абай саябағында орналасқан Даңқ мемориалында өтті.
Аталған мемориал — Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан шымкенттік жауынгерлерге арналған. Мұнда майдан даласынан оралмаған мыңдаған боздақтың есімі ойылып жазылған мәрмәр тақталар орнатылған. Бұл — ел есінде мәңгі сақталатын қасиетті мекен.
Тазалық жұмыстарына «Алем Энерго» ЖШС қызметкерлері мен 40-қа жуық ерікті жас атсалысты. Шара барысында Шымкент қалалық жайлы орта басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қаладағы барлық ескерткіштер кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
– Шымкентте 50-ге жуық ескерткіш бар. Жеңістің 80 жылдығына орай олардың әрқайсысына реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Жазулары жаңартылып, гранит беттері толықтай полировкадан өтті. Бұл мақсатқа бюджеттен 125 миллион теңге бөлінген. Қаражатқа 632 шаршы метр керамогранит төселіп, жарық шамдар жаңартылды, тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылуда. Абай саябағындағы мемориал да назардан тыс қалмады. Мұнда 250-300 шаршы метр аумақтағы граниттер ауыстырылып, жазу тақталары жаңартылып, бояу-сырлау жұмыстары толық аяқталды,-дейді ол.
Шараға қатысқан жастардың белсенділігі де ерекше атап өтуге болады. Жастар ресурстық орталығының жастар саясатын жүзеге асыру және стратегия бөлімінің басшысы Арайлым Әлімнің айтуынша, мұндай бастамалар жастардың патриоттық сезімін оятып, елге деген құрметін арттырады.
– Біз бұл арқылы жастарды тек сенбілікке емес, тарихты қадірлеуге, ерлікке тағзым етуге үйретеміз. Сондай-ақ, мұндай шаралар ұрпақ пен өткеннің арасындағы байланысты нығайтып, ертеңге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді. Жастар үшін бұл — тек тазалық жұмысы емес, рухани тәрбие сағаты іспетті,-дейді Арайлым Әлім.
Жеңіс күні қарсаңында қаладағы барлық ескерткіштердің тазалық жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда.