Шымкент қаласында «Жеңіс» саябағында Жеңістің 80 жылдығына орай ескерткіштерді жаңарту және тазалау жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Айта кету керек, бұл бастама – соғыс ардагерлерінің рухына тағзым етіп, тарихи орындардың жаңғыруына бағытталған маңызды қоғамдық шара.
Іс-шараны Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Осы орталықтың жоғарғы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Бекарыс Бахадырдың айтуынша, қазір Еңбекші ауданындағы «Жеңіс» саябағында тазалық жұмыстарына арналған арнайы акция басталып кеткен. Бұл жұмыстар 9-мамыр – Жеңіс күніне дейін жалғаспақ.
Мұндай абаттандыру және тазалық жұмыстары қазір қаладағы бірқатар саябақта қатар жүргізіліп жатыр.
Авиценна атындағы жоғары медициналық колледжінің белсенді жастары да бұл шараға белсенді қатысып, өз үлестерін қосты. Қала жастарын осындай игі істерге белсенді атсалысуға шақырған Бекарыс Бекболатұлы «Бұл тек тазалық жұмысы емес, сонымен қатар отансүйгіштік пен тарихи сана қалыптастырудың бір жолы» дейді.
Жалпы, мұндай акциялар жыл сайын өткізіліп тұрады. Былтыр да мәдени орындарда, саябақтарда және өзен жағалауларында жастардың қолымен көптеген іс-шара жүзеге асқан. Волонтер жастардың белсенділігі жоғары деңгейде болғанын ерекше атап өткен жөн.
Бұл бастама еліміздің Президенті жариялаған «Таза Қазақстан» акциясы аясында да жүзеге асып отыр. Президент Жолдауында аталғандай, еліміздің тазалығы мен экологиялық мәдениеті – ұлт болашағы үшін аса маңызды. Осыған байланысты жастарды жұмылдырып, тазалық пен тәртіпке бет бұру қоғамның ортақ борышы болмақ.
Қала тұрғындарының бұл іске деген ықыласы да ерекше. Мәселен, Тұран шағын ауданында өткен тазалық жұмыстарында жергілікті тұрғындар волонтер жастарға тәтті тағамдар ұсынып, моральдық және материалдық қолдау көрсеткен. Бұл – ел ішіндегі ынтымақ пен жас буынға деген қамқорлықтың жарқын көрінісі.
Іс-шара барысында Пушкин атындағы қалалық кітапхана қызметкерлері даңқты батыр, Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетті. Бұл әрекет те тарихқа тағзым мен ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Осындай игі бастамалар арқылы жастардың қоғамдық жұмыстарға қатысу деңгейі артып, олардың бойында азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сезім қалыптасып жатқаны қуантып тастады.