ҚАРТ МАЙДАНГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАП БАРДЫ

0
13

Шымкентте Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлерден көзі тірі екі ардагер ғана қалған. Соның біреуі – Нина Мосунова. Соғыс ардагері бүгінде 100-ге толып отыр.  

Шымкент қаласы мәслихатының Төреайым Сұлтанова бастаған Альбина Елшиева, Айжан Наимбекова, Алия Юсупова сияқты бір топ депутаты қарияны ғасырлық мерейтойы және Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен арнайы құттықтап барды. Жеңіс үшін, бейбітшілік үшін алғыс айтқан депутаттар ардагерге сый-сыяпаттарын жасады.

– Жыл сайынғы дәстүр бойынша соғыс ардагерін құттықтап келдік. Бүгінгі тыныш та бақытты өміріміз үшін өз үлесін қосқан батыр анамызды қалай құрметтесек те жарасады. Майдан даласында мәңгілік ізін қалдырған анамыздың ерлік істері өскелең ұрпаққа өнеге. Қаһарман апамызға денсаулық тілейміз. Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын! – деді Төреайым Сұлтанова.

Н.Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Татарстанда Урустамак елді мекенінде туып-өскен. Он бес жасынан шошқа фермасында еңбекке араласты. Келер жылы-ақ сол ферманың меңгерушісі болып сайланады. 1942 жылы қазан айында әскерге өз еркімен алынып, Казань қаласында телеграфист мамандығын алып, Горький қаласына телеграфист болып жолданған.

1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа пулеметші ретінде жолданған. 36-әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында қызмет етіп, радистер бөлімінің командирі болған.

1945 жылы Башкирияның Октябрьск қаласына келіп, 1946 жылға дейін кассир болып  істеген. 1948 жылы Қазақстан Республикасының Шымкент қаласына көшіп келген. 1948-1951 жылдары Шымкент қаласында кітапханада жұмыс істеген. 1967 жылы «КазЮгвзрывпром» мекемесінде хатшы-машинист қызметін атқарған.

Майдан даласында да, бейбіт өмірде де тынбай еңбек еткен қаһарман ананың жасаған істері елеусіз қалмады. «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Нина Мосунова –  1 ұлдан 2 немере, 5 шөбере көрген аяулы ана, ардақты әже. Бүгінде немересі Мария қарт ананың күтімін жасап отыр.