ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМА ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ ҚОЛЖЕТІМДІ ЕТЕ ТҮСТІ

Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау және қолдау бағытындағы мемлекеттік шаралар жыл сайын жетілдіріліп, жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта қала аумағында 42 479 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, оның ішінде 8 275-і – 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар.

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін елімізде мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау; әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді.

Мүгедектігі бар адамдардың медициналық көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторийлік-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі.

Қазақстанның барлық өңірінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдарының  өндірушісі мен жеткізушісін және оңалту қызметтерін өз бетінше таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бұл цифрлық платформа арқылы азаматтар қажетті техникалық оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтерге электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен өз бетінше тапсырыс бере алады.

Әлеуметтік қызметтер порталы әуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бір бөлігі және мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған жүйе болып табылады.
Портал 6 процестен инватакси қызметінен басқа бесеуін цифрлауды көздейді. Бұл: арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету; техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету; ым-ишара тілі маманының қызметтерін көрсету; жеке көмекші қызметтерін көрсету;шипажай-курорттық ем қызметтерін көрсету.

Портал оңалту құралдары мен қызметтерін тең алуды, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақытылы әлеуметтік көмекті қамтамасыз етеді, мүгедектігі бар тұлғалар техникалық оңалту құралдары мен арнайы әлеуметтік қызметтерге қашықтан тапсырыс бере алады.

Жүйенің қолжетімділігін арттыру мақсатында Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылып, мұнда білікті мамандар тарапынан кеңес пен көмек көрсетіледі.

2025 жылдың басынан бері оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес барлығы 41 788 өтініш қабылданып, оның 72,2 пайызы немесе 30 167 өтініш қанағаттандырылды.

2025 жылдың басынан бері шаһарда оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес 41 788 өтініш келіп түсіп, оның 72,2 пайызы немесе 30 167 өтініш қанағаттандырылды. Атап айтқанда:
– Протездік-ортопедиялық көмекке 7 005 өтініш түсіп, 4 023 азамат қажетті құралмен қамтылды;
– Сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарға 16 745 өтініш түсіп, 14 879 адамға құралдар берілді (88,9 пайыз);
– Қоларбаларға 1 045 өтініш тіркеліп, 927-сі қамтамасыз етілді (88,8 пайыз);
– Жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметіне 2 926 азамат мұқтаж екенін білдіріп, 2 879-ы қызметпен қамтылды (98,4 пайыз);
– Шипажайлық-курорттық ем қабылдау үшін 14 067 өтініш түсіп, 7 459 азамат жолдамамен қамтамасыз етілді (53,1 пайыз);
– Арнайы жабдықталған “Инватакси” көлігіне 348 өтініш қабылданып, қызмет көрсетілуде.
Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларына 2025 жылы жергілікті бюджеттен 14,7 млрд теңге бөлініп, бүгінгі күнге дейін оның 6,3 млрд теңгесі игерілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда (2024 жылы – 12,6 млрд теңге) өсімді көрсетіп отыр.
Әлеуметтік қызметтер жүйесін цифрландыру – азаматтардың қажеттіліктерін дер кезінде, ашық әрі ыңғайлы түрде қанағаттандыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл бастамалар инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар