Әділет саласында азаматтарға қолайлы болуы үшін әзірленген және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған Digital Justice цифрландыру жобаларының бірі – Мүлік иелері бірлестігін цифрландыру. Бұл жоба тұрғын үй қорын сақтау мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп-ұстау үшін жаңа басқару нысандарына көшу үшін қолға алынған.
Шымкент қаласында қазір 2570 көпқабатты тұрғын үй бар. Шымкен қалалық әділет басқармасында 155 мүлік иелері бірлестігі (МИБ) тіркелген. Аудан әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, 1699 жай серіктестік жұмыс істеп жатыр.
Қалада тұрғындарға тұрғын үйді басқару жүйесін түсіндіру жұмысы тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен, бұған қатысты жиналыстар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде насихаттауға да көңіл бөлініп отыр. Жаңадан құрылған МИБ төрайымдары және МИБ құруға ықылас білдірген үй төрайымдарын оқытуға да ерекше назар аударылып келеді.
Осындай нәтижелі әрі жүйелі жұмыстың арқасында қазір МИБ-нің жауапкершілігі артты. Тұрғындар да тұрғын жайын күтіп ұстаудың маңыздылығын түсіне бастады. Қаладағы жүк көтергіш механизмдер мен лифт шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заманауи бақылау жүйелері енгізілді.
Бұған дейін мүлік иелерінің бірлестігін тіркеп, оның төрағасын сайлау үшін баспана иелерімен бірнеше мәрте кездесіп, тиісті өтінішті жіберуге ұзақ процестен өтуге тура келетін. Енді «Управ.дом» мобильді қосымшасы арқылы смартфондағы батырманы басып, қажетті өтінішті онлайн жолдаса жеткілікті. Мемлекеттік деректер базасы мен цифрлы платформалардың интеграциясы нәтижесінде «МИБ-ті онлайн тіркеу» қызметі жолға қойылды.
Мүлік иелері бірлестігін құру, сондай-ақ МИБ басшысын ауыстыру шеңберінде электрондық дауыс беру қамтамасыз етілді. Дауыс беру процесінде барлық оқиғалар тиісті түрде тіркеледі және электрондық нысанда хаттама автоматты түрде қалыптастырылады. Электрондық дауыс беруді енгізу дауыс беру хаттамаларында қолдардың бұрмалануын болдырмауға мүмкіндік береді.