ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДА БЕТ-ЖҮЗДІ ТҰМШАЛАП ЖҮРУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Елімізде 12 шілдеден бастап қоғамдық орындарда адамның түр-сипатын тануға кедергі келтіретін киімдерге тыйым салатын жаңа ереже күшіне енді. Енді қоғамдық орындарда адамды бейнекамера арқылы тану мүмкін болмаса, бұл ереже бұзушылық болып саналады. Шымкенттің полиция қызметкерлері бұл өзгерістер жөнінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Бұл шектеудің бірқатар ерекшелігі бар. Мәселен,  медициналық мақсатта, төтенше жағдайлар кезінде, ауа райы қолайсыз болғанда немесе спорттық және мәдени шараларға қатысқан кезде бет-жүзді жабатын киім киюге рұқсат етіледі. Хиджаб секілді бетті жаппайтын діни киімдерге де бұл тыйым жүрмейді.

— Тыйым тек бетін толық жауып тұратын және жеке басын тануға кедергі келтіретін киімдерге, соның ішінде балаклаваларға, бетперде мен никабтарға ғана қатысты. Бұл ретте хиджаб, шейла, химар, әл-әмира және басқа да діни киімдердің бетті жаппайтын элементтері осы норманың қолданысына жатпайды, — деп түсіндірді полиция қызметкерлері.

Бұл — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, соның ішінде діни сенім бостандығына нұқсан келтірмей, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті, тұлғаларды сәйкестендіру үшін жасалып отырған қадам.

Айта кетейік, мұндай шектеу Орталық Азияда бұрыннан бар. 2023 жылы Өзбекстанда аталған шектеумен мазмұндас талап заң аясында қабылданды. Өткен жылы Тәжікстанда ұлттық мәдениетке жат деп танылған киімдерді кию мен сатуға заң жүзінде шектеу қойылды. Ал биыл Қырғызстан адамның бет-әлпетін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киюге тыйым салған болатын.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар