Отандық кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші. Ол жаңа идеяларды жүзеге асырады, инновацияларды енгізеді, жұмыс орындарын ашады және салық түсімдерін арттырады. Елдің экономикалық әлеуетін арттыру үшін отандық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, олардың қызметін ынталандыру және қолдау көрсету өте маңызды. Осы орайда Ордабасы ауданында отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен іске қосылған «Ауыл Аманаты» жобасы еліміздің әр өңіріндегі шаруаларға жаңа мүмкіндіктер ашуда. Солардың бірі – Ордабасы ауданы, Шұбар елді мекенінің тұрғыны Берік ПІРӘЛІ. Ол аталған жоба арқылы 7 200 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылқы бордақылау ісін қолға алды.
Берік Пірәлі алған несие қаражатын тиімді пайдаланып, алдымен 18 бас жылқы сатып алды. Бұдан бөлек, мал азығы ретінде 18 тонна шөп пен арпа сатып алып, қора-жайды жабдықтауға 1,3 миллион теңге жұмсады. Бұл инвестициялар шаруаның кәсібін бастауға қажетті негізгі инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда Берік Пірәлінің шаруашылығы тұрақты табыс көзіне айналып отыр. Жылқы бордақылаудың орташа айналымы 90-120 күн аралығын құрайды. Осы кезең ішінде әр малдан 70-90 мың теңге көлемінде таза пайда түседі. Бұл көрсеткіш шаруаның кәсібінің тиімділігін айқын көрсетеді.
«Ауыл Аманаты» жобасы біз сияқты шаруаларға үлкен қолдау көрсетті. Жеңілдетілген несие арқылы кәсібімді бастап, отбасымның әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік алдым. Бұрынғыдан гөрі тұрмысымыз жақсарып, табысымыз тұрақталды», – дейді Берік Пірәлі.
Кәсіпкердің алдағы жоспарлары да ауқымды. Ол мал басын 50 басқа дейін көбейтуді көздеп отыр. Сонымен қатар, шағын жем-шөп қоймасын салу арқылы азықпен қамтамасыз етуді оңтайландыруды жоспарлап отыр. Бұл жобалар жүзеге асса, қосымша бірнеше жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатын болады.
«Ауыл Аманаты» жобасының сәтті жүзеге асырылуы, Берік Пірәлінің кәсіпкерлік бастамасы – ауыл шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді. Мұндай жобалар ауылдық жерлердегі жұмыссыздықты азайтып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға зор үлес қосады.
