Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ата кәсіп – жастарға мұра» атты үлкен шеберлік сағаты ұлттық өнерді дәріптеудегі маңызды қадам болды. Бұл шара жастарды ата кәсіптің құндылығымен таныстырып, этностар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталды.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық қолөнерді насихаттау және оны жас ұрпаққа жеткізу. Осы орайда, Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы «Оқу-өндірістік комбинаты» КММ-нің кәсіптік оқу мұғалімі, он саусағынан өнер тамған, ұлттық өнерді сүйіп насихаттап жүрген Нафиса Баратова өз шеберлігін көрсетті. Ол жастарға құрақтан жасалған бұйымдардың құпия сырларын ашып, олардың жасалу жолдарын үйретті. Нафиса Баратованың туындылары көпшілікті тамсандырып, ұлттық өнеріміздің байлығын айқын көрсетті.
Іс-шараны Түркістан облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева ашып беріп, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ұлттық қолөнердің ұлт тәрбиесіндегі маңызды рөліне тоқталып, жастарды өз тамырларына, мәдени мұраларына деген сүйіспеншілікті арттыруға шақырды.
Қатысушылар ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалап қана қоймай, тікелей тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Бұл – жастардың қолөнерге деген қызығушылығын оятып, олардың бойында шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ететін тамаша мүмкіндік болды.
Іс-шара соңында белсенді қатысқан жастар мен шеберлерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталып, үздік шыққан қолөнершілер салтанатты түрде марапатталды. Бұл – олардың еңбегін бағалап, алдағы уақытта да ұлттық өнерді дамытуға деген жігерін арттыратыны сөзсіз.
«Ата кәсіп – жастарға мұра» атты бұл шеберлік сағаты – ұлттық мұраны сақтау, жастарға ата кәсіптің құндылығын жеткізу және этностар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Мұндай іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы, ұлттық өнеріміздің жаңа өрлеуіне жол ашып, жастардың өз тарихы мен мәдениетіне деген құрметін арттыратынына сенімдіміз.
