Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапхана бүгінде тек кітап пен білімнің ғана емес, қоғамдық ой мен азаматтық пікірдің ашық алаңына айналып келеді. Мұнда әдеби-мәдени іс-шаралармен қатар, ел өміріндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталған бастамалар жүзеге асуда.
Осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі ретінде кітапхана қабырғасында Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған келелі кеңес өтті. Жиынға кітапхана ұжымы қатысып, ел болашағын айқындайтын басты құжатқа қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Руханият ордасында өткен басқосуда айтылған әрбір пікірдің салмағы бөлек болды. Мемлекет тағдыры мен ұлттың ертеңі сөз болған жиында кітапханашылардың азаматтық ұстанымы айқын көрінді.
Кітапхана директоры Анар Жаппарқұлова өз сөзінде Ата Заңның тарихи маңызына тоқталып, жаңа Конституцияның басты ерекшеліктерін атап өтті.
– Конституциямыздың ана тілімізде жазылуы – үлкен рухани жетістік. Ең бастысы, бұл құжат халықтың тікелей қатысуымен талқыланып, ел болып қабылдануда. Әр азаматтың ұсынысы ескеріліп, пікірі тыңдалуы – шынайы демократиялық үдерістің көрінісі, – деді ол.
Сондай-ақ, жаңартылған Ата Заңның тек құқықтық нормалар жиынтығы емес, мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат екенін атап өтті. Осыған орай, оны талқылауға қоғамның барлық өкілінің белсенді қатысуы аса маңызды екеніне назар аударды.
Жиын барысында Конституцияның жаңа редакциясындағы негізгі өзгерістер мен басым бағыттар қолданыстағы нұсқамен салыстырыла отырып таныстырылды. Мемлекеттің дамуына негіз болатын мызғымас қағидаттар мен құндылықтардың нақты айқындалғаны айтылды. Әсіресе, егемендік пен тәуелсіздікті қорғау мәселесіне ерекше мән берілді.
Кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Алпысбаева Конституциядағы өзгерістер қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталғанын жеткізді.
– Тәуелсіздікті қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы. Жаңа Конституция осы жауапкершілікті заңдық деңгейде бекітіп отыр. Бұл мемлекет пен халық арасындағы сенімді арттыратын маңызды қадам, – деді ол.
