Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес аудан аумағындағы бірқатар маңызды нысандарды аралап, олардың құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аудан басшысының бұл сапары инфрақұрылымды дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстардың қарқынды жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Сапардың алғашқы бағыты Қазығұрт ауылдық округіндегі “Болашақ” мөлтек ауданында орналасқан жекеменшік мектеп болды. Әкім білім беру нысанының жай-күйін, оқушыларға жасалып жатқан жағдайларды мұқият тексеріп, сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, Ш.Уәлиханов көшесінің бойында орналасқан “Антошка” балалар ойын алаңшасының ағымдағы жөндеу жұмыстары да әкімнің бақылауынан өтті. Бұл жоба аудан тұрғындары, әсіресе балалар үшін қолайлы демалыс орнын қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылуда. Жоба аясында заманауи үлгідегі ойын құрылғылары орнатылып, шағын футбол алаңы салынып, тұрғындардың тынығуына арналған беседкалар мен абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысанның құрылысына аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, мердігер мекеме ретінде “Юг Сервис Мастер” ЖШС анықталған. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде.
Аудан әкімі Қызылқия ауылдық округіне қарасты Атажұрт елді мекеніндегі табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын да назардан тыс қалдырмады. Бұл жоба ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Жұмыс сапары барысында Азизхан Әзімханұлы мердігер мекеме өкілдері мен жауапты сала басшыларына құрылыс және жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды қатаң тапсырды. Әрбір нысанда қауіпсіздік талаптарының сақталуына және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Аудан басшысы алдағы уақытта да барлық нысандардың құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстайтынын жеткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.
