Мақтааралда жүргізушілер ауқымды қайырымдылық шарасын ұйымдастырды

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде жүк көлік жүргізушілері мен такси жүргізушілері бірлесіп, ел бірлігі мен қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсеткен ауқымды шара өткізді. Орталық мешітте ұйымдастырылған құдайы асқа 500 адам қатысты. Бұл іс-шара тек ас беру рәсімімен шектелмей, рухани құндылықтарды насихаттайтын маңызды кездесу алаңына айналды.

Шараға Жетісай, Атакент, Асықата өңірлерінен және аудан орталығынан келген тұрғындар қатысты. Жиналған қауым құран бағыштап, ел тыныштығы мен амандығын тілеп, дұға жасады. Сонымен қатар, үлкен қариялардың батасын алып, рухани қолдау көрсетті.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров шара барысында сөз сөйлеп, жүргізушілердің бірлік танытып, осындай игі бастаманы қолға алғанына ризашылығын білдірді. Ол қоғамдағы ынтымақ пен жанашырлықтың маңыздылығына тоқталып, жастарға үлгі боларлық осындай бастамаларды әрдайым қолдау қажеттігін атап өтті.

Ұйымдастырушылар бұл шараны бір реттік қайырымдылық ретінде емес, дәстүрге айналдыруды мақсат етіп отыр. Жүк және такси жүргізушілері игі бастаманы жалғастырып, аудан аумағындағы аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік пен тұрмыстық қажетті заттар таратып, әлеуметтік қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Мырзакенттегі бұл бастама – қарапайым еңбек адамдарының қоғамға деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі. Осындай игі істер ел ішінде өзара көмек пен бірлікті нығайтып, қайырымдылық мәдениетін дамытуға зор үлес қосатыны сөзсіз. Бұл шара қоғамдағы мейірімділік пен татулықтың үлгісі ретінде ұзақ уақыт есте қалмақ.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар