Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде прокуратура органдары үшін маңызды инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу – қадағалау қызметінің ең басым бағыттарының біріне айналды. Осы тапсырма аясында Төлеби ауданының прокуроры Дабыл Аянұлы мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы аудандық филиалының басшысы Маржан Асқарбекқызы өңірдегі бірқатар ірі өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Атап айтқанда, жұмысшы топ аудан көлемінде іске асырылып жатқан «KazPlast» ЖШС-нің арнайы киім тігу фабрикасы мен «Ленгерское настольгия» ЖШС-нің балмұздаққа арналған мұз өндіру цехының құрылыс барысын аралап көрді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер өздерін мазалаған бірнеше өзекті мәселені ортаға салды. Олардың қатарында электр қуаты кернеулігінің төмендігі салдарынан жарықтың жиі өшуі және мемлекет тарапынан технологиялық процестерді жетілдіруге кеткен шығындарды өтеу (субсидиялау және қолдау шараларына қол жеткізу) секілді мәселелер айтылды.
Аудан прокуроры аталған кедергілерді жою және инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында дереу нақты қадағалау шараларын қабылдады. Ендігі жерде инвесторлардың өтініштерін прокурорлар басқа мемлекеттік органдарға жолдап, уақыт созбайды, тікелей өздері қарап, шешім қабылдайтын болады.
Бизнес өкілдерінің құқықтарын кешенді әрі жедел қорғау мақсатында елімізде инвесторлардың кез келген сигналына жедел ден қою үшін арнайы мобильді топ ұйымдастырылған. Кәсіпкерлер кез келген уақытта құқықтық кеңес алып, жобаны іске асыру кезінде туындаған проблемалар бойынша жүгіне алады. Сонымен қатар, инвесторлардың құқықтарын жан-жақты қорғау мақсатында маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі Фронт-офис құрылған. Оның құрамына жергілікті атқарушы орган, құқық қорғау құрылымдары, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілдері кірді.
Мұндай бірлескен жұмыс форматы аймақтағы инвестициялық климатты жақсартуға және әкімшілік кедергілерді барынша азайтуға септігін тигізбек. Өңірдегі инвестициялық жобалардың іске асырылуы мен кәсіпкерлер құқығының сақталуы прокуратураның тұрақты бақылауында қала береді.
