«ТҮНГІ ҚАЛАДАҒЫ БАЛАЛАР»: СОЗАҚТЫҚ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ РЕЙДКЕ ШЫҚТЫ

Еліміздің түкпір-түкпірінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің қадағалаусыз және панасыз қалуына жол бермеу, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 18–20 маусым аралығында «Түнгі қаладағы балалар» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Аталған ауқымды шара аясында Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де белсенді жұмыс атқаруда. Тәртіп сақшылары білім беру ұйымдарының өкілдерімен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де мүдделі мекемелермен бірлесіп, аудан аумағындағы ойын-сауық орындарында, саябақтарда, көшелер мен өзге де қоғамдық орындарда ауқымды рейдтік-профилактикалық жұмыстарды қолға алды.

Рейдтік іс-шаралар барысында түнгі уақытта заңды өкілдерінің (ата-аналарының немесе қорғаншыларының) қарауынсыз, беймезгіл уақытта көшеде жүрген кәмелетке толмағандар анықталып жатыр. Сондай-ақ балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Тәртіп бұзған жасөспірімдердің ата-аналарына заң аясында ескертулер жасалып, тиісті профилактикалық шаралар қолданылуда. Осы ретте, Созақ аудандық полиция бөлімі барша ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне бейжай қарамай, олардың бос уақыты мен жүрген ортасын қатаң бақылауда ұстауға шақырады.

Ұрпақ қауіпсіздігі мен заң талаптарының сақталуы – әрбір ата-ананың тікелей міндеті екенін ұмытпаған жөн.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар