Кентау қалалық Мансап орталығының басшысы Нұркен Бекбаевтың мәлімдеуінше, биылғы жылы Кентау қаласында субсидияланатын жұмыс орындарына 789 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша осы мақсатта 709 азамат уақытша жұмысқа жолданып, тиісті шаралар табысты жүзеге асырылуда.
Нақтырақ айтсақ, «Жастар практикасы» жобасы аясында 273 адамды жұмысқа орналастыру көзделсе, бүгінде 117 жас жұмысқа жолданды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмыс орындарына 320 адамды тарту жоспарланса, бұл бағытта 381 жұмыссыз азамат жұмысқа орналасып, жоспар артығымен орындалды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 146 адам жолдануы тиіс болса, нақты көрсеткіш 154 адамды құрады. Сондай-ақ, «Күміс жас» жобасы аясында 47 азаматты жұмысқа тарту жоспарланса, қазіргі таңда 57 азамат тиісті жұмыстармен қамтылып отыр.
Бұл көрсеткіштер қала тұрғындарының еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды игеріп, уақытша болса да тұрақты табыс көзіне қол жеткізуіне зор мүмкіндік туғызып отырғанын айғақтайды. Мансап орталығы тарапынан атқарылып жатқан мұндай жүйелі жұмыстар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың нақты тетіктерін іске қосу арқылы өңірдегі еңбекке қабілетті халықтың белсенділігін арттыруға септігін тигізуде.
Бүгінгі таңда субсидияланатын жұмыс орындары азаматтарды тұрақты табыспен қамтамасыз етудің және халықтың әл-ауқатын арттырудың тиімді құралына айналды. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының саясаты аясында қолға алынып, өңірлердегі жұмыссыздықты жоюға, әсіресе жастар мен әлеуметтік жағынан осал топтарды еңбек нарығына бейімдеуге бағытталған. Осы орайда Кентау қаласының әкімдігі халықты жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың тікелей бақылауындағы бұл мәселе әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Қала басшылығы жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, бос жұмыс орындарына сұраныс пен ұсынысты үйлестіру арқылы азаматтардың еңбекке орналасуына жан-жақты қолдау көрсетуде, бұл өз кезегінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына өз септігін тигізуде.
