ОТЫРАР АУДАНЫНДА СОТТАЛҒАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚҰҚЫҚ ҚОЛДАНУ АКТІЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Бүгінгі таңда елдегі құқықтық тәртіпті нығайту, әрбір азаматтың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осы орайда, Отырар ауданының прокуратурасының бастамасымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, сотталғандарды жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру актілерін қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды. Алқалы жиынға аудандық соттың судьясы, аудандық полиция және пробация бөлімінің басшылары қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде ой бөлісті.

Басқосу барысында пробация және полиция бөлімдерінің бұл бағытта атқарған жұмыстары мен ақпараттары тыңдалды. Құқық қолдану практикасының біркелкі болуын қамтамасыз ету мәселесі жиынға қатысушылардың басты назарында болды. Себебі заңның үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын қатаң сақтау – мемлекеттік саясаттың негізгі өзегі. Әрбір құқықтық шешімнің әділ әрі заңды болуы қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, жазасын өтеп жатқан азаматтардың түзелу жолына түсуіне тікелей әсер етеді.

Жиын соңында мемлекеттік органдар арасындағы ведомствоаралық кедергілерді жою жолдары сөз болып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Нақты ұсыныстар ортаға сатылып, түйткілді мәселелерді шешудің тиімді тетіктері белгіленді.

Жалпы бұл шара мемлекеттік құрылымдардың бірлескен әрекетін үйлестіріп, қоғамдағы заң мен тәртіп қағидаттарын берік орнықтыруға бағытталған маңызды қадам ретінде қорытындыланды. Құқық қорғау және сот органдарының бұл бағыттағы тығыз байланысы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, құқықтық тәртіптің сапасын арттыра түспек.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар