КЕНТАУ: ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН БІРНЕШЕ ИНВЕСТЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛЫП, 300-ГЕ ЖУЫҚ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Аймақ экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын арттырудың ең басты жолы – инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу. Мемлекет басшысы бұл мәселеге әрдайым баса мән беріп, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын көбейту қажеттігін қатаң тапсырған болатын. Себебі әрбір жаңа кәсіпорын – ондаған, жүздеген отандасымыздың тұрақты табысы мен жарқын болашағының кепілі.

Осы маңызды бағытта Кентау қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып, халықты еңбекпен қамту мәселесі басты назарға алынған. Қала әкімі Жандос Тасовтың жүйелі еңбегі мен іскерлік қадамдарының арқасында шаһарға инвесторлар тартылып, өндіріс орындарының қатары көбейіп келеді. Бұл ретте тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге баса мән берілуде.

Кентау қаласы әкімдігінің Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ердәулет Сапарбайұлының айтуынша, жүзеге асырылып жатқан әрбір бастаманың түпкі төркіні – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда Кентау индустриалды аймағында және қала аумағында тұрғындарды еңбекке баулитын бірнеше ірі жобаның құрылысы қызу жүріп жатыр. Мәселен, құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын «Айдар Строй Групп» ЖШС зауытының құрылысы қарқынды жүруде. Мұнда уран өндіруші кәсіпорындарға қажетті модульдік контейнерлер мен металл бұйымдары шығарылады. Бұл ауқымды өндіріс ошағы іске қосылғанда, 70 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады.

Сонымен қатар, индустриалдық аймақта құны 400 миллион теңге болатын «Сапар Құрылыс — С» ЖШС металл өндірісі цехы салынуда. Бұл жоба жыл соңына дейін 40 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал құрал-жабдықтары толығымен жеткізіліп, қабылдау актісі тіркеліп жатқан «Кентау аспап құралдары» жеке кәсіпкерлігінің темір бұйымдарын жасау цехы тағы 70 жергілікті тұрғынды тұрақты еңбекке тартып отыр. Құны 100 миллион теңге болатын бұл нысан да жуырда толық іске қосылады.

Тек өнеркәсіп қана емес, ауыл шаруашылығы саласы да жұмыс орындарын ашуда үлкен үлес қосып келеді. Атап айтқанда, құны 2,4 миллиард теңгені құрайтын «KazRealMeat» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңы мен мал сою цехын салып жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 1,5 мың бас ірі қара байланса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселеп артады. Сондай-ақ шаруашылық жаңбырлатып суару технологиясын қолдана отырып, 40 гектар алқапта жем-шөп дақылдарын өсіреді. Осы маңызды жобаның арқасында 80 тұрғын жаңа жұмыс орнына ие болады.

Қысқаша айтқанда, Кентауда жүзеге асып жатқан бұл жобалар – шаһардың әлеуметтік тыныс-тіршілігін жақсартып, әрбір отбасыға тұрақтылық әкелетін нақты істердің көрінісі.

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар