МАҚТААРАЛДА 52 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Мемлекет басшысының ел тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, өңірлерде әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмалары өңірлерде нақты істермен көрініс табуда. Осы орайда Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Тұрғын үй-коммуналдық инфраструктураны дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Мақтаарал ауданына қарасты Жаңажол ауылдық округінің Фирдауси елді мекенінде жаңа шағын аудан бой көтеріп, сапалы тұрғын үйлер халық игілігіне берілді.

Аталған аумақта салынған 100 бірдей жаңа тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, бүгін алғашқы лекпен 52 отбасыға қуаныштың кілті салтанатты түрде табысталды. Бұл баспаналар «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға бұйырды.

Қуанышты іс-шараға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов арнайы қатысып, жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде шаңырақ көтеру мен өз үйіне ие болу әрбір отбасы үшін баға жетпес бақыт екенін атап өтіп, бұл күн көптеген азаматтардың өміріндегі айрықша маңызды кезең екенін жеткізді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың арқасында талай шаңырақ шаттыққа кенеліп жатқанын тілге тиек еткен әкім, жаңа қоныс иелеріне отбасылық береке, ырыс пен ынтымақ тілеп, игі тілектерін білдірді.

Жаңадан бой көтерген бұл тұрғын үйлер халықтың заман талабына сай, жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруі үшін қажетті барлық инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған. Атап айтқанда, үйлерге табиғи көгілр отын, үздіксіз электр энергиясы, сапалы ауыз су және заманауи кәріз жүйелері толықтай жүргізілді. Мұнымен қоса, аумақты жан-жақты абаттандыру, асфальт-бетон жабындысын төсеу және кірме жолдарды ретке келтіру жұмыстары сапалы атқарылып, елді мекеннің келбеті түбегейлі өзгерді.

Әрбір тұрғын үйдің жалпы аумағы 63 шаршы метрді құрайды және оларда ыңғайлы кіреберіс бөлме, кең үш тұрғын бөлме, заманауи ас үй және санитарлық торап қарастырылған. Сонымен қатар, әр үйге 7 сотықтан қосымша жер телімі бөлініп отыр, бұл тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықпен айналысып, бау-бақша өсіруіне және тұрмысын әрі қарай жақсартуына үлкен мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай ерекше қолдауға шексіз риза болған тұрғындар көптен күткен армандарының орындалғаны үшін билік өкілдеріне және аудан басшылығына өз алғыстарын жаудырды.

Айта кетейік, осы игі бастамалар мен ауқымды өзгерістер аясында «Жаңажол ауылдық округінің әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі бұрынғы Ақжол елді мекенінен осы жаңа тұрғын үйлер шоғырланған Фирдауси елді мекеніне көшіп, округ әкімшілігінің ұжымы жаңа ғимаратқа қоныстанды. Бұл өзгеріс мемлекеттік қызметтердің халыққа неғұрлым жақындауына және тиімді көрсетілуіне жол ашады. Сонымен қатар, алдағы уақытта бұл шағын ауданда өскелең ұрпаққа арналған спорт алаңшалары, балалар ойын алаңдары және заманауи үлгідегі мәдениет үйін салу жоспарланып отыр.

 

Оқи отырыңыз

Соңғы жаңалықтар